Қақтығыста қаза тапқан тәртіп сақшысының есімі ел есінде мәңгі сақталады

Қарулы топпен қақтығыста қаза тапқан боздақтардың есімі ұмытылмайды. Туған елдің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолында мерт болғандардың бірі талдықорғандық полиция лейтенанты Дархан Барғанаев еді. Артында аңырап анасы, егізі мен жары, екі қызы қалды.

Дархан Барғанаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университиті, заң факультетінің 2010 жылғы түлегі. Талдықорған заң колледжін бітірген ол, Алматыдағы аталған қасиетті қара шаңырақтың күндізгі, кейіннен сырттай бөлімінде білім алды. Полиция қызметкері болу оның бала күннен бергі арманы еді. Шығыс Қазақстан облысында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң Алматы облыстық ішкі істер басқармасына жұмысқа орналасады. Полиция лейтенанты соңғы екі жылда өңірлік департаменттің шұғыл әрекет ету жасағында қызмет етті. Мұздай қаруланған лаңкестер шабуыл жасаған күні Дархан қалалық ішкі істер басқармасында болған. Сол жерде Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп, ерлікпен қаза тапты. 

Рәзия Үмітжанова, Д. Барғанаевтың анасы:

- Мемлекет тарапынан келіп көңіл айтып жатыр. Зиратының басын тұрғызып береміз деп, бірге істейтін жігіттері қамқорлық жасап жатыр бізге, рақмет! Халқыма, еліме рақмет! Ешкімге осындай, баладан ата-анаға сынақ келмесін! 

Дәрия Барғанаева, Д. Барғанаевтың сыңары:

- Өзі аққкөңіл, бәріміздің көңілімізді табатын, айтқан сөзімізді жерге тастамайтын адал адам болатын. Полиция қызметкері боламын деп өзі армандайтын.

Полиция лейтенанты жаңа жылды да өз отбасымен бірге қарсы ала алмады. Алматы іргесінде іссапарда болып, 5 қаңтарда арнайы бұйрықпен Талдықорғанға кері қайтарылған. 

Жансая Барғанаева, Д. Барғанаевтың зайыбы:

- Дархан Қапшағайдан келіп, осында бір қонып кетті ғой, 6-сында кетті. Сол кезде мына жерде кішкентай 3 жасар қызы «әке, кетпеші, әке, кетпеші» деп, періште сезгендей әйтеуір аяғына оратылып, «жұмысқа кетіп бара жатырмын енді» деп, әкесі жұмысқа кетті ғой енді. Қазір әкең қайда? - десе, - Әкем жұмыста, - дейді...

Дархан Барғанаевтың үлкен қызы Раяна 3,5 жаста. Ал Айсафиі 2-де. Екеуі де қақпа ашылса елеңдесіп, әкеміз жұмыстан келді екен деп, есікке қарай жүгіреді. Фотоальбомдағы суреттерден асқар таудай әке бейнесін көрген бүлдіршіннің «әкелеген» дауысын естігенде сай-сүйегің сырқырайды. 

Дархан Барғанаевтың анасына жақында II дәрежелі «Айбын» ордені салтанатты түрде табыс етіледі. Жергілікті атқарушы билік тарапынан батырдың отбасына пәтер де беріледі...

Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов