465,08 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елордада блокбекеттер алынып тасталды

  • 112
  • UPD: 14:26, 19.01.2022

Бүгін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында және Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында төтенше жағдай режимі аяқталды. Бұған дейін Президенттің Жарлығымен өзге де өңірлерде төтенше жағдай мерзімінен бұрын тоқтатылған еді. Енді бүкіл ел аумағы қалыпты өмірге оралады. Ел астанасында екі аптаға созылған төтенше жағдай режимі кезінде 6 блокбекет орнатылып, шаһарға кіріп шыққан көліктер қатаң тексерілді. Бүгіннен бастап олар жұмысын тоқтатты.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Сол блокбекеттердің бірі Қосшы қаласынан шығаберіс тұсқа қойылған болатын. Қазір қалааралық қатынас көліктері еркін жүріп жатыр. 19 қаңтар сағат 00:00-ден бастап бұл жерге қойылған жол белгілері мынадай арнайы қоршаулар алынып тасталды. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 6 блокбекет орнатылған болатын. Нақты нәтижеге қол жеткіздік дейді құқық қорғау органдарының өкілдері. Атап айтар болсақ, тексерістер кезінде 7 қару, оқдәрі, 70 суық қару, сондай-ақ оннан астам есірткі заты тәркіленіпті. 

Ержан Сәденов, полиция департаментінің бастығы:

- Өкінішке орай, кейбір қала тұрғындары коменданттық сағат кезінде көшеде жүрді. Тәртіп сақшылары аулалар мен пәтерлерді аралап тексеру жұмыстарын жүргізді. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 76 шетелдік азамат елден шығарылды. Рейдтік іс-шаралар барысында коменданттық сағатты сақтамай қызметін жалғастырған көңіл көтеру мекемелері анықталды. 64 кәсіпкер жұмысына тосқауыл қойылды. Қылмыс пен өзге де құқық бұзушылықтың саны азайды.

Сонымен қазір қалада комендаттық сағат және төтенше жағдай режимі толық алынып тасталды. Дегенмен, қала маңындағы бұған дейін блокбекеттер орнатылған тұста ішкі істер органдары мен қорғаныс министрлігінің өкілдері кезекшілік жасауда. Бұл құқықтық тәртіп алдын алу іс-шарасы. Олар тек күдік туғызған көлік жүргізушілерін тоқтатып тексереді. Жалпы қозғалысқа ешқандай кедергі жоқ.

Ердәулет Ыбырайұлы, Ырыстанбек Оспанов

Хабар 24 телеарнасы