Атырау облысындағы ауылда аша тұяқты малдан ауру шықты

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылындағы аша тұяқты малдан ауру шықты.

Сиыр мен қой-ешкі жем-судан қалып, ауыздарынан су ағып, аз күнде азып кетіп жатыр. Күні бүгін аталған ауылдан 90-ға тарта мүйізді ірі қара мен 100-ден астам ұсақ малдан ауру белгілері анықталған. Мал дәрігерлері үй жануарынан алынған зертханалық-сынама негізінде аурудың жұқпалы ринотрахеиттік вирусты диарея екенін анықтады. Ауру ошағын оқшаулау мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімі Сағыз ауылында 31 желтоқсаннан бастап бір айлық шектеу жариялады. Халыққа қолдағы малын сатуға немесе союға рұқсат жоқ.

Айдулат Кенжебеков, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:

- Осы ауруға байланысты Сағыз ауылына шектеу жарияланды. Мамандандырылған мекемемен бірлесіп аудан әкімдігі тараппынан дезинфекциялық залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ауырған малдарды емдеу, егу жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда ешқандай өлген мал жоқ. Ауырған малдар жазылып кетіп жатыр. Басқа елді мекендерде анықталып жатқан ауру түрлері жоқ әзірге.