Қостанай облысында ақбөкенді заңсыз аулау тыйылмай тұр

Өңірде ақбөкенге қарсы браконьерлік әрекет өршіп тұр, деп хабарлайды Хабар 24.

Кейінгі уақытта киелі аңды аулау және мүйізін сату бойынша бес қылмыстық іс қозғалған. Мемлекетке 170 миллион теңгеден артық шығын келген. Елімізде дала еркелерін аулауға қатаң тыйым салынғаны белгілі. Мораторий жеті жыл бұрын бетпақдала тұқымының жаппай қырылу оқиғасынан кейін енгізілді. Сол кезде Амангелді және Жанкелдин аудандарында 130 мың киік басы жойылған. Қазір аймақта ақбөкендердің популяциясы 285 мыңға жетіп отыр. Оларды арнайы жасақтар қорғап, үнемі рейд ұйымдастырады.

Рустам Бидібаев, жануарлар және аңшылық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы міндетін атқарушы:

– Ақбөкендерді ату және мүйізін сату бойынша 5 қылмыстық іс қозғалды. Үш іске қатысты кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сотпен тағы екі іс қаралады. Ең ірі заң бұзушылық 96 мүйізді заңсыз өткізуге қатысты. Қылмыскер 7 жылға қамауға алынған.