Жамбыл облысынан блок бекеттер алынған жоқ

Тұрғындар қалыпты өмірге қайта орала бастады, аймақтарда блок бекеттер алына бастады, дегенмен Жамбыл облысы әлі де қауіптің «қызыл» деңгейінде, деп хабарлайды Хабар 24.

Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, полицейлер «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасын жалғастыра береді. Алайда Жамбыл облысында блок бекеттер әзірге алынбайды. Аймақта террорлық қауіптің әлі «қызыл» деңгейі сақталып тұр. Сондықтан өңірдегі 28 блок бекет 25 қаңтарға дейін жұмысын жалғастырады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Коменданттық сағат шектеуі күшін жойды.

Ал Қызылорда облысында 28 бақылау бекеті алынды. Елді мекендерге кіру-шығу жолдарының барлығы ашық. Төтенше жағдай кезінде 962 адам полиция органдарына жеткізіліп, 253-іне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар коменданттық сағат талабын бұзған 200-дей адам әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір өңірде ахуал тұрақты.

Ғалымжан Өмірзақов, қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары:

– Соңғы тәулікте тәртіп сақшыларымен төтенше жағдай режимін бұзған 14 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрғындардан «102» арнасына 100-ден астам қоңырау түсті. Олар бойынша тиісті шаралар қабылданды. Облыс тұрғындарын заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа жол бермеуге шақырамын.

Батыс Қазақстан облысында 5 аумаққа қойылған блок тастар түстен кейін ғана алына бастады. Қазір көлік ағыны бұрынғы қалпына келді. Дегенмен полицейлер қоғамдық тәртіпті жіті бақылауда ұстап отыр. Жедел алдын алу шаралары аясында жалдамалы пәтерлер, саяжайлар мен шаруашылықтар, техникалық қызмет көрсету станциялары тексерілу үстінде.

Мерхат Аженов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

– Азаматтардың жеке құжаттары және өзімен болған заттары тексеріледі. Тұрғылықты мекен-жайы, сотталған немесе ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдар, көші-қон қызметі қатаң қадағаланады. Заңсыз сақталған қару-жарақтар тәркіленеді. Дәл қазір қоғамдық тәртіпті бақылауда осалдық танытуға болмайды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Елдар Аюпов