Көлікті міндетті техникалық байқаудан өткізу қажет пе?

Елде белшесінен былыққа батып, жемқорлықтан көз ашпай отырған тағы бір сала бар. Ол көлікті техникалық байқаудан өткізу орындары, деп хабарлайды Хабар 24.

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров азаматтардың жеке мақсатта пайдаланатын көлігін жыл сайын техникалық байқаудан өткізу талабын алып тастау керек дейді. Үкіметке жолдаған сауалында депутат осы бағытта ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, жыл сайын миллиардтаған қаржыны қалтаға басып жатқандар бар екенін ескертті. Осыған орай арна тілшісі сала мамандарының пікірлерін де білді.

Қазір көлікті техникалық байқаудан өткізу саласының былыққа батқаны сонша, физикалық тұрғыда көріп, техникалық тұрғыда тексеруді қажет ететін жұмысты көптеген пысықайлар пандемия басталмай тұрып-ақ қашықтан жасап бейімделіп алған. Тіпті бұл жымысқы әрекетін интернетте ашық жарнамалайды.

Тіпті осы бағытта ұйымдасқан қылмыстық топ құрылып, қыруар қаржы тауып отырғандар бар. Депутаттың мысалына сүйенсек, 2021 жылы көлік комитетінің қызметкерлері құрған қылмыстық топтың жолы кесілген. 4 жыл ішінде олар 260 мыңнан астам техникалық байқау картасын жасаған. Қарапайым арифметкаға салсаңыз, бір ғана топтың табысы 130 миллион теңге шамасында болған. 

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл істі ел бойынша жалған тұлғаларға тек «қағаз жүзінде» рәсімделген 28 компания жүзеге асырған. Тіркелген мекен-жайларда техникалық байқау орталықтары болмаған. Заңға сәйкес қажетті техникалық жабдық пен мамандарда жоқ екені анықталған. Салдарынан «Техникалық байқау» формальды шараға айналып, қауіпсіздікке қатысы жоқ болып қалған.

Депутат бұл норма тек жеке қолданыстағы көліктерге қатысты екенін айтады. Ал автобустар, жүк көліктері және такси ретінде коммерциялық мақсатта пайдаланылатын көлік құралдары байқаудан өтуі тиіс деп есептейді. Алайда кейбір көлік саласының мамандары депутаттың бұл ұсынысын құптамай отыр.

Эдуард Эдоков, көлік саласының сарапшысы:

– Бірінші кезекте менің көпжылдық тәжірбиесі бар көлік жүргізушісі ретінде айтарым, техникалық байқауды алып тастау дұрыс емес. Одан да бақылауды күшейтіп, саланы реттеу керек. Мысалы, мен соңғы рет 3 мың теңгеге өттім. Есесіне көлігім толық бақылаудан өткізілді. Жай-күйін білдім. Ал жемқорлық жайлады екен деп жаба берсек, онсызда тозған көлік нарығы тіптен аянышты күйге түсіп кетеді.

Елде жыл сайын техникалық байқаудан өтуі тиіс 2,7 млн-ға жуық машина бар. Зауыттан шыққанына 7 жылға дейінгі көліктер техникалық байқаудан өтпейтінін ескерсек, бұл көлік нарығының 70 проценттен астамы. Депутат көтеріп отырған заң жобасы көршілес Ресейде биылғы жылдың басынан бастап заңды күшіне енгенін де атап өткен жөн.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Жандос Битабаров