Утилизациялық алым сомасы ақпан айында белгілі болады

Утилизациялық алымның жаңа тарифтері ақпан айының соңына дейін бекітілуі тиіс. Бұл туралы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеп отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Төлем сомасын қарастыратын арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Ал бұл қызметке жауап беретін «Жасыл даму» компаниясының мамандары заңнамалық дайындық жұмыстарын жүргізуге кірісті.

Қазақстандықтар міндетті утилизациялық алымды 2016 жылдан бері төлейді. Оның сомасы көліктің түріне байланысты 450 мыңнан басталады. Кейбір темір тұлпар иелері тіпті 3 жарым миллион теңгеге дейін төлеуге мәжбүр. Салдарынан елде көлік бағасы жыл сайын қымбаттап барады. Ал автопарк жаңартылмайды. Мұндай ахуал қоғамның наразылығын туғызғаны да түсінікті. Қолданыстағы утилизациялық алымды төлегісі келмейтіндер түрлі айлаға баруға мәжбүр болды.

Берік Зайыров, Қазақстанның тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы, сарапшы:

– Егер утилизациялық алым сомасы 100 мыңға дейін түссе, көліктердің бағасы 3 жарым миллион теңгеге дейін арзандайды. Қазақстанға АҚШ, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерден жаңа сапалы темір тұлпарлар әкелінеді. Ескі көліктерден құтыламыз. Керісінше, көрші елдер бізге келіп, өзіне техника сатып алатын болады.

Енді Мемлекет басышысының тапсырмасымен бұл мәселені «Жасыл даму» акционерлік қоғамы қолға алды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жанындағы мекеменің басты міндеті – қоршаған ортаны ластанудан қорғау. 2013 жылы ашылған компания қауіпті қоқыстарды өңдеп, оларды жоюмен айналысады. Сондай-ақ жергілікті мамандар салаға қажетті зерттеулер жүргізеді. Енді мемлекеттің қарамағындағы ұйым утилизациялық алым төңірегіндегі ахуалды реттеуге кіріспек.

Азамат Әлімбаев, «Жасыл даму» АҚ бас директоры:

– Қазір біз ең алдымен бұрынғы оператордың қызметін жоспарлы түрде атқару үшін қажетті заңнамалық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Әзірге осыған дейін орнатылған тарифтер қолданылады. Кейін жауапты орган төлем сомасын өзгертуі тиіс. Осы мәселені жақын арада талқыға саламыз.

Алайда тәуелсіз сарапшылар жаңа оператордың утилизациялық алым сомасын төмендететініне күмәнданып отыр.

Берік Зайыров, Қазақстанның тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы, сарапшы:

– Біз «Жасыл даму» акционерлік қоғамы бұрынғы оператор сияқты отандық автокөлік құрастыруға басымдық береді ме деген ойдамыз. Оған мүлдем қарсымыз. Утилизацияға жиналатын қаржы тек соған ғана жұмсалуы керек. Егер төлем сомасы төмендемесе, жұрт баяғыдай көрші елдерден ескі көлік әкелуді жалғастырады.

Қазақстанда утилизациялық алым енгізілгеннен кейін елде импорттық автокөлік саны күрт азайды. Мәселен 6 жыл бұрын 71 мың темір тұлпар әкелінсе, былтыр бұл көрсеткіш 30 мыңнан сәл асты. Егер төлем айтарлықтай арзандаса, халық өз автокөліктерін жаңартуға мүмкіндік алады. Енгізіліп жатқан өзгерістердің нәтижесі келер айдың соңында белгілі болады. Арнайы құрылған комиссия жаңа тарифтер бекітпек. Ол жайлы ақпарат Экология министрлігінің сайтында жарияланады.

Авторы: Дариға Ташенова