Ел басына күн туғанда антына адал болған полиция

Жамбылда жаппай бүлік кезінде қаза болған Рахат Сланбековтың әріптесі қанды оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұзақылар оқ жаудырған кезде полицейлер бір көлікте отырған. Қарулы шабуылдан аман қалған тәртіп сақшысымен арна тілшісі сұхбаттасты.

6 қаңтар. Өртелген әкімдік ғимараты. Лаңкестер бүлік шығарып орталықты жаулаған сәт. Рахат Сланбекпен бірге жаппай тәртіпсіздікті тоқтатуға тағы 2 әріптесі шыққан. Солардың бірі Олжас Төлегенов.

Оның айтуынша, жиналған топқа жақындаған тұста қаруланған біреулер кенеттен оқ жаудырған. Сол сәтте көлікте отырған 3 қызметкерге де оқ тиіп ауыр жараланады. Ол қансырап жатқан әріптестерін аман алып қалу үшін шабуыл алаңына шықпақшы  болған.

Олжас Төлегенов,  Полиция басқармасының аға инспекторы:

– Нұрсұлтан айтты арқама оқ тиді, арқам ауырып жатыр деді. Рахат машинаның артында отырған еді. Артыма қарасам, ес-түссіз жатыр екен. Бірінші медициналық көмек көрсету үшін Жамбыл облыстық ауруханасына апардық. Сол жерден көз жұмғаны белгілі болды.

Көліктің 14 жерін оқ тескен. Солардың бірі Рахат Сланбекке тиіп, көкірек тұсын жаралаған. Жантүршігерлік оқиғаны әріптестері күйзеліспен еске алады.

Олжас Төлегенов, Полиция басқармасының аға инспекторы:

– Өте сыйлы жігіт еді. Одан бөлек айтқан сөзінде тұратын, қайтпайтын жігіт еді. Ержүрек адам болатын.

Батырдың ерлігі елеусіз қалмады. Мемлекет басшысының жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Ал жергілікті билік артында қалған отбасына 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Нағыз өзінің отанына, халқына берілгендігін көрсетті. Адам үшін ең қымбат өмірін берді. Мына балаларына, қыздарына сол Рахаттың көрмеген жасын, қызығын, қуанышын бақытын берсін.

Марқұмның артында 5 баласы және мүгедек анасы қалды. Бұл қайғының орнын ешқандай сый да, құрмет те, награда да толтырмасы анық. Алайда ердің ерлігі, қызметіне адалдығы ел есінде қалады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә