Алматы халықаралық әуежайы қалыпты жұмыс режиміне көшті

Бүгіннен бастап терминал жолаушыларға қызмет көрсетуге толық дайын, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл жөнінде әуежайдың баспасөз қызметі мәлімдеді. Бір аптада терминалдың бүлініп-қиратылған нысандары жөнделіп ішкі рейстер толық жанданды. Ал халықаралық бағыт бойынша ұшақтарды ұшырып-қондыру әлі де қалпына келтіріліп жатыр.

Сондай-ақ бүгіннен бастап әуежайдың алдындағы әскери блок-бекет алынып, көліктердің кіруіне рұқсат берілді. Әуежайға лаңкестік шабуыл 5 қаңтарда түнде жасалған болатын. Сол сәтте ұшу алаңында жолаушылар тасымалдайтын үш халықаралық және екі жүк рейсі болған. Бүлікшілер терминалдағы сауда орындарын бұзып, касса мен банкоматтарды тонап, автотұрақтағы 8 көлікті өртеп жіберген. Дегенмен ұшақ пен жолаушыларға тиіспеген. Оқиға кезінде 300-ден астам жолаушының барлығы ұшақта отырды. Кейін оларды әскерилер қауіпсіз жерге эвакуациялады. Әуежайды бүлікшілерден босату операциясы түнгі сағат 4- ке дейін жалғасқан. Терминалды қалпына келтіру ісі аяқталғаннан кейін 13 қаңтарда әуежай жұмысын қайта бастады.

Балауса Рахметолла, жолаушы:

– Біз екіде келдік. Регистрация бітті бізді кіргізбей жатыр. Біз заттарымызбен отырмыз. Біз ғана емес қаншама адамдар?

Ақмарал Садықова, жолаушы:

– Ешқандай қиындық болып жатқан жоқ. Тыныш бәрі. Қауіпсіздіктің бәрі сақталған.

Жолаушылардың шағымдарына байланысты әуежайдың баспасөз қызметі қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды. Ішкі бағытта жолаушылар тасымалдайтын бірқатар компаниялар жұмысына толық кіріспеген екен. Әуежайда құжат пен жүк тексеру тегеурінді. Әзірге терминалға тек қолында билеті бар жолаушылар ғана кіргізіледі.

Найля Жабағина, Алматы халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің жетекшісі:

– 13 қаңтардан бастап осы күнге дейін 50 мың жолаушыға қызмет көрсетілді. Әуекомпаниялар жұмысын бастады. Рейстер қалпына келіп жатыр. Ал халықаралық бағыттағы рейстерді толық қалпына келтіру үшін әлі де уақыт қажет. Әуежайға шабуыл кезінде тәртіп сақшылары да, әуежай қызметкерлері де өз қызмет орнында болғанын айтқым келеді. Алайда бүлікшілермен ешкім текетіреске түскен жоқ. Біз ең алдымен жолаушылар қауіпсіздігін ойлап, эвакуациялау ережесін ұстандық.

Жалпы бұған дейін әуежайға лаңкестіктен 23 миллиард теңгеге жуық материалдық шығын келді деп жарияланды. Бірақ бұл сан әлі де нақтыланады. Шығынның орнын мемлекет есебінен толтыру мәселесі де әзірге қарастырылып жатыр.

Авторлары: А.Садуақас, Р.Жақыпов