Атырау облысында 41,4 млрд теңгенің экологиялық жобалары іске асырылады

Облыста 2025 жылға дейін экология мен қоршаған ортаны жақсарту үшін 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, деп хабарлайды Хабар 24 Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың мәліметінше, Атырау облысында экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жол картасы дайындалды. Жол картасында 40 түрлі бағыт бар. Соған сәйкес, алдағы 5 жыл бұл мақсатқа 41,4 млрд теңге қажет. Оның ішінде 27,5 млрд теңге республикалық бюджеттен, 4,5 млрд теңге жергілікті бюджеттен, ал 9,4 млрд теңге жеке инвестициядан бөлінбек.

Сондай-ақ басқарма басшысы экологиялық жобалар аясында «Сасық сай», «Квадрат» булану алаңдары қалпына келтірілетінін айтты. «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысының булану алаңы мен Атырау қаласының оң жағалауындағы кәріз тазарту құрылыстарын қайта жаңарту секілді өзге де жобалар бар.