СҚО-да былтыр 49 ауылға таза су жетті

Солтүстік Қазақстанда елді мекендердің 83,5 %-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Былтыр 49 елді мекенге таза су беру үшін 10,3 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша 250 мың тұрғыны бар 406 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Осылайша елді мекендердің 83,5 %-ы таза су ішіп отыр. Ал 49,5 мың тұрғыны бар 229 ауыл ауыз судың зардабын тартып отыр. Өткен жылы өңірдің су мәселесін шешуге 10,3 млрд теңге жұмсалды. Нәтижесінде 174 км желі қалпына келтірілді, 48 мың тұрғыны бар 49 елді мекенде су берілді және сумен жабдықтау жақсарды. Шамамен үш мыңғы жуық үйге су кіргізілді. Сондай-ақ топтық су құбырлары жаңғыртылды. Нәтижесінде 11 мың тұрғыны бар 26 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Биыл осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға 12,3 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойынша 135 км желі жаңғыртылады. Бұл жұмыстардың игілігін 33,5 мың тұрғыны бар 23 елді мекен көрмек. Жалпы биыл жүзеге асатын 17 жобаның тоғызы өткен жылы басталған. Қалған сегіз жобаның төртеуі бойынша мердігерлерді анықтау мақсатында конкурс жарияланды, жобаның жалпы құны екі млрд теңге. Ал құны 2,2 млрд теңге болатын қалған 4 жоба бойынша конкурстық рәсімдер 1 ақпанға дейін жарияланбақ.

Ал биыл өңірде орталықтандырылған сумен жабдықтау жоспары 84%-ке орындалуы тиіс. Алайда облыстағы Тайынша, Шал ақын және Айыртау аудандарында ауылдарды сумен қамту көрсеткіштері төмен. Мұнда сумен жабдықтау нысандарын салуға және қалпына келтіруге жобалау-сметалық құжаттарды дайындау жөніндегі жұмыстар дұрыс қолға алынбаған.