Елорда дәріханаларында дәрі-дәрмек тапшы

Елордадағы кей дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшы. Әсіресе, тұмауға қарсы препараттар жоқтың қасы. 

Дәрі-дәрмек іздеп ары-бері сандалған халықтың пікірі осындай. Мәселені зерттеу үшін елордадағы ірі дәріханалардың біріне бас сұқтық. Тұрғындардың айтқанын фармацевтер де растап отыр. Бұған дейін көп мөлшерде алынған препараттар қазір таусылып қалған.  Жұртшылық көбіне ыстық түсіретін, құрғақ жөтелді емдейтін дәріні сұрайды екен.

Роза Құдайбергенова, фармацевт:

– Бүгінгі таңда дәрі-дәрмек жетіспейді. Вирусқа қарсы көптеген препараттар жоқ. Қарапайым ыстықты түсіретін парацетамол таусылып қалды. Жаңа ғана бізге тауар келді. Бірақ бұл дәрілер  жоқ.

Мәселенің мән жайын сұрап Денсаулық сақтау министрлігіне хабарластық. Жауапты мамандар, дәріханаларда тапшылық туындауы мүмкін екенін жасырмайды. Себебі, коронавирус дендеп барады. Салдарынан дәрі-дәрмекке сұраныс шамадан тыс артып жатыр.  Бірақ, бөлшек саудамен айналысатын компаниялар дәріханалардың қорын күнделікті толтырып тұрады деп сендірді.

Тапшылық туындаған жағдайда «СК-фармация» жекеменшік дәріханаларға препараттарды жеткізуге дайын. Тек ол үшін әкімдік тапсырыс беру керек. Алайда күні бүгінге атқамінерлерден мұндай ұсыныс түспепті.  Ал, елдегі ауруханалар мен емханаларда дәрі жеткілікті мөлшерде, - дейді СК-фармация өкілі. Тіпті, коронавирусқа шалдыққан науқастарға емханаларда тегін препараттар беріледі екен.

Әйгерім Смайылова, «СК-Фармация» ЖШС баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Бірыңғай дистрибьютордың байланыс орталығы бар. Ол қысқаша нөмірлі 14 39 нөмірі. Барлық телефондардан тегін хабарласуға болады. Бұл байланыс орталығы барлық тегін берілетін дәрі-дәрмектер жөнінде ақпаратты беруге, дәрі-дәрмекті алуға сонымен қатар, өңіріңізде тіркелген мед ұйымыңызда қанша дәрі-дәрмек барын, қалдығын және оған ұсыным берілді берілмеді деген ақпараттың бәрін алуға болады.

Жыл басынан бері СК-Фармацияның байланыс орталығына 1500-ге жуық қоңырау келіп түскен. Оның 21-і консультациялық көмек сұраса, қалғандары шағымданған.

Назерке Әбдірахманқызы, Марат Диханбаев