Қызылорда облысында ағын су тапшылығы болуы мүмкін

Азық-түлік қайдан қымбаттамасын?! Сыр өңірінде былтыр егістік алқап 5 мың гектарға қысқарса, биыл тағы 3 мың гектарға азаюы әбден мүмкін. Өйткені Сырдарияның бойындағы су қоймаларында тіршілік нәрі жылдағыдан тағы да аз жиналды. Диқандар биыл да ағын судан таршылық көреміз бе деп алаңдайды. Енді егіннің қамын ерте ойлаған мамандар қандай қарекет қылмақ?

Тоқтағұл, Шардара, Көксарай су қоймаларында өткен жылмен салыстырғанда 30 проценттей тіршілік нәрі аз жиналған. Демек биыл да Сырдарияның деңгейі төмен болуы мүмкін.

Сейітқасым Абуов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы:

– Әзірге Шардара су қоймасына түсетін су көлемі белгісіз. Жауын-шашынның, қардың қаншалықты көлемде түскені туралы да Өзбекгидромет, Қырғызгидрометтен әлі бізге мәлімет түскен жоқ. Қазір судың аз болуына байланысты Көксарай су қоймасына су жіберуге мүмкіншілік болмай отыр.

Биыл өңірде 187 мың гектар жерге дән-дақыл егу жоспарланған. Оның 80 мың гектары күріштің үлесінде. Сыр маржанының көлемі 3 мың гектарға қысқарып отыр. Дегенмен бұл нақты меже емес, – дейді мамандар.

Талғат Дүйсебаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бұл вегитациялық кезеңде берілетін су көлеміне қаралатын болады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда жаңағы айтып отырған лемит бекітілген жоқ. Бұл мемлекетаралық келісім арқылы шешілетін нәрсе. Қазір соның шешімін біз күтіп отырмыз. Сол лемитке байланысты күріш көлемін, егіс көлемін нақтылайтын боламыз. Қысқаруы мүмкін.

Су тапшылығының алдын алу үшін 2025 жылға дейін өңірде 25 жобаны іске асыру көзделген. Ол үшін арнайы жол картасы әзірленіп, 4 бағыт айқындалған. Оның ішінде қашыртқы суды қайта пайдалану, қосымша су көздерін табу және арналарды тазалау мәселелері қамтылған.

Қайрат Жансұлтанұлы, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Қуаңдария арнасындағы қашыртқы суын Сырдария өзеніне жіберу жобалық сметалық құжаттары басталса, биыл күтіп отырмыз. Келесі жылы іске асыруға мүмкіндік болады. 10-12 кубтай суды Сырдария өзеніне жіберіп, Қазалы ауданын сумен қамтамасыз ету және Арал теңізіне қосымша су беру мәселесі шешіледі деген үміттеміз.

Бүгінде Шардара су қоймасына 2,8 млрд текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 875 млн. текше метрге аз. Ал егісті тиісті деңгейде үздіксіз суарып тұру үшін 4 млрд текше метр су қажет.

Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхаммед Байділдаев