Түркістан облысында қар құрсауында қалған 26 адам құтқарылды

2022 жылдың 20 қаңтарында «112» қызметіне Созақ ауданы Шолаққорған ауылынан 70 шақырым жерде, Ұланбел-Созақ-Екпінді облыстық маңызы бар автожолының жабық учаскесінің 577-642 шақырымында жолаушылары бар 13 жүк және 9 жеңіл автомобиль қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Түркістан облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға орнына келген құтқарушылар мен полиция қызметкерлері 13 жүк және 9 жеңіл автокөлікті сүйреп шығарды. Көліктегі 26 адамды, оның ішінде 1 баланы құтқарып, Шолаққорған ауылына жеткізді. Құтқарылғандар медициналық көмекке мұқтаж емес.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 10 қызметкер мен 1 бірлік техника, Түркістан облысы Полиция департаментінен 8 қызметкер мен 2 бірлік техникасы жұмылдырылды.