Қостанай облысында «Ауыл – ел бесігі» аясында 70 жобаны жүзеге асыру көзделді

Биыл Қостанай облысында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 70 жаңа жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Бұл жобалар 32 елді мекенді қамтиды. Біреуінде жаңадан Мәдениет үйі салынса, қалғандарында әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өткізіледі. Ауылішілік жолдарды қалпына келтіру ісі де ерекше назарда болады. Барлығы 65 шақырым көшенің асфальт жабындысын тегістеп шығу мақсаты тұр. Өңірде бұдан басқа жоспарланған құрылыс жұмыстары аз емес. Осы жобалардың барлығын жүзеге асыруға 7,5 миллиард тенге қаралып отыр. Оның басым бөлігі ауылдарды ауыз сумен қамтуға жұмсалмақ.

Дәурен Асқаров, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:

- 2022 жылы елді мекендерді ауыз сумен қамтасыз ету бойынша 29 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның 14-і жаңа да, 15-і өткен жылдан аяқсыз қалған жобалар. Сондай-ақ биыл бес сумен қамту нысанының құрылысы жүргізіледі. Жыл аяғына дейін осының бәрі іске асқанда сапалы ауыз сумен қамтылған ауыл тұрғындарының санын 87 процентке жеткіземіз.