Астанада былтыр 210 көлік өртеніп кеткен

Былтыр ел астанасында 210 көлік өртенді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Осыған байланысты бүгін «Қауіпсіз транспорт» арнайы акциясы ұйымдастырылды.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері темір тұлпар тізгіндейтін азаматтар мен автодүкен иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар ұсынған дерекке сүйенсек, тілсіз жаудың тұтануына негізінен электр сымдарының зақымдануы себеп екен. Өртенген көліктердің 80 проценті осылай қызыл жалынға оранған. Ал қалған 20 проценті қыс мезгілінде көлігін «отпен жылытамыз» деп, жандырып алған.

Құмар Рымбеков, Байқоңыр ауданы төтенше жағдайлар басқармасының инженері:

- Автокөлікте жүріп бара жатқан жағдайда өт шығатын болса, дереу өрт сөндіргішті алып, біріншіден, өртті өз қолымен сөндіріп тастауы керек. Ол мүмкін болмаса, пассажирлармен бірге шығып, есіктердің бәрін жауып, біріншідіен 101 немесе 102 нөміріне хабарлап айту қажет.