470,90 450,91 8,85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Утилизациялық алым салыққа айналды – депутат

  • 240
  • UPD: 09:02, 21.01.2022
Утилизациялық алым салыққа айналды – депутат

Утилизациялық алым жеңіл көліктерден ғана емес, ауыл шаруашылық техникаларынан да алынады. Егер шетелден комбайн немесе трактор сатып алсаңыз, оның құнына мына жаққа жеткенде тағы 10-14 миллион теңге қосылса, таң қалмаңыз. Сөйтіп алыстан арбалаймын деген талайдың тауы шағылған. Ең өкініштісі, өзге елдің шаруаларында мұндай «қамыт» жоқ. Сөйтіп ауылдағы ағайынның техникаға қол жеткізуі қиындаған соң, машина паркі 70 процентке дейін тозды.

Утилизациялық алымның тым қымбат екенін аңғару үшін мықты есепші болудың қажеті жоқ. Мына сандарға мән берсеңіз бәрі түсінікті. Елімізде жеңіл көліктер үшін оның мөлшері 400 мың теңгеден 3,5 млн теңгеге дейін, ал жүк көлігі мен ауыл шаруашылығы техникасына 14 млн теңгеге дейін жетеді.

Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Утилизациялық алым іс жүзінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қосымша салыққа айналды. Техниканы әкелу кезінде фермерге техника құнының 25-30%-ына тең сомада бастапқы жарнаны және кәдеге жарату алымын төлеуге тура келеді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша қаржы жүктемесі болып отыр.

Сол жүктеме тұтас өңірдің тынысын тарылта бастаған. Қостанай облысын алайық. Мұнда 22 мың ауыл шаруашылық техникасы бар. Соның бүгінде 70 проценті ескірген. Утилизациялық алым төлеу өз алдына, техника паркін жаңартуға септігін тигізеді деп басталған қосымша іс-шаралардан да еш қайыр болмады. Қайта қалтамызды қақты, - дейді шаруалар. Тапсырған трактор, комбайндарына берген сертификаттар құнсызданып кеткен.

Мереке Исмағұлов, шаруа қожалығының жетекшісі:

–Себебі біз комбайн таспсырсақ 2 млн теңгеге сертификат береді . Трактор тапсырсақ, 1 млн сертификат береді. Жаңасын аламыз деп фермаларға барамыз. Техника 10 млн тұратын болса, алады да 11 млн қылып қояды. Сондықтан біздің қағазымыз ешқандай пайдасы жоқ.

Тым болмағанда утилизациялық алымның мөлшері тап осы ауыл шаруашылығы техникалары үшін шекті мөлшерге дейін төмендетілсе, - дейді диқандар. Ал  сенаторлар болса, сол техникалар үшін кедендік баждарға уақытша мораторий енгізу қажет деп санайды.

Ердәулет Ыбырайұлы, Мағауия Қалиев

Хабар 24 телеарнасы