Петропавлда көпқабатты үйлерді жаңғырту жұмыстары жанданды

Петропавлда 50-ден астам көпқабатты үйді жөндеу қажет. Жарты ғасырдан бері қырлап, сырлаудың арқасында тұрған бұл баспаналар әбден тозды. Бұған қоса, шаһардағы жедел сатылардың 67 проценті апаттық жағдайда тұр. Билік осы мәселені қайтсек шешеміз деп ел қазынасынан бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Соның арқасында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы қарқын алды. 

Хименко көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйдегі жедел саты тоқсаныншы жылдары істен шықты. Содан бері, әсіресе, егде адамдарға баспалдақпен көтерілу қиындаған. Халық 2014 жылы арнайы бағдарламаға қатысуға өтініш білдіріпті. Кезектері былтыр келді.

Виталий Пляшешников, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

– Бұрын шахта қоқысқа толып жататын. Ішіне біреу құлап кетпесе екен деп алаңдайтын едік. Әйтеуір жыл соңында екі лифті де қалпына келтірілді. Жеті жылға пайызсыз несие рәсімдедік. Яғни, әр пәтер енді ай сайын 2515 теңгеден төлейді.

Қазір қалада 368 лифті бар. Оның 231-і 25 жылдан аса уақыт қызмет етіп келеді. Яғни, ауыстыруды қажет етеді. Ал мына үй жарты ғасырға жуық уақыт мүлдем жөндеу көрмеген. Шатырынан су сорғалайтын. Сондықтан тұрғындар жаңғырту бағдарламасының талаптарына қуана келісімін берді.

Мұнавара Мұратова, қала тұрғыны:

– Мен соңғы бесінші қабатта тұрамын. Жаңбыр жауса, әбден әбігерге түсетін едім. Бұған дейін өз күшімізбен жөндегендей болдық. Бірақ еш нәтиже шықпады. Енді, міне, 56 миллион теңгеге шатырымызды толықтай жаңалап жатырмыз.

Күзде басталған шаруалар сәтін салса, екі аптадан кейін аяқталады.

Арман Қошқарбаев, прораб:

– Төбе толықтай шіріп кеткен. Тіпті шеткі жақтаулары үгітіліп жатты. Біз оны қайтадан көтердік. Подъездердегі терезелер мен плиталарды ауыстырдық. Қазір жөндеу жұмыстарының 80 проценті аяқталды.

Бүгінде шаһарда тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша 18 баспана бүтінделіп, 5 үйде он жедел саты ауыстырылып жатыр. Дегенмен тағы 50-ден астамына күрделі жөндеу қажет.

Болат Жұмабеков, қала әкімі:

– Биыл тағы да мемлекет тарапынан, яғни республикалық бюджеттен 1 миллиардтан артық қаражат бөлінді. Оның ішінен біз 26 үйді жөндеу жұмыстарына енгіземіз деген жоспар бар. Жалпы 16 үйде шатырларды жөндеу жұмыстары жүреді, ал қалғаны – лифт.

Қазіргі таңда облыс орталығында 1106 көпқабатты үй бар. Оның 447-де басқару жүйесі жоқ. Сондықтан олар бұл бағдарламаға қатыса алмайды.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев