425,02 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қаңтар оқиғасы. Алматылық аула сыпырушы көп қабатты үйді өрттен сақтап қалған

  • 206
  • UPD: 18:08, 21.01.2022

Алматыдағы Республика алаңының жанында орналасқан көп қабатты үйдің тұрғындары есіктің алдын сыпырушы Арлан есімді адамның батырлығын құрметке лайық дейді.

Оқиға қалада бүлік басталған күні 5 қаңтарда болған. Қауіп-қатерге қарамастан Арлан көп қабатты үйді өрттен сақтап қалады.

Қорқынышты кино сияқты болған қаңтар оқиғасы Ермек Ысқақовтың әлі көз алдында. Себебі ол Республика алаңының жанындағы үйде тұрады. Алаңға адамдар жиналып жатқан сәтін балконнан түсірген. Сол түні бүлікшілер үйдің бірінші қабатында орналасқан мейрамханаға басып кіріп, қиратып, тонайды. Мейрамхананың қоймасынан өрт шығып, түтін сыртқа будақтағанда бүкіл үйге қауіп төнгенін көрген көршілер сыртқа шығады. Мейрамхананың аулаға шығатын есігін бұзып, өртті жабылып өшірген.

Ермек Ысқақов, қала тұрғыны:

- Өртті сөндіруге 10-15 еркек шықтық. Әйелдер мен үлкен кісілер де болды. Мейрамхананың алдына бара алмадық. Өйткені ол жақта бүлікшілер көп еді. Сондықтан осы есікті қолда бар заттармен бұзып, ішіне кірдік. Өртті шелекпен де, үйден шланг тартып та сөндіруге тырыстық. Сол кезде аула сыпырушы Арлан есімді азаматтың ерлігі ерен екенін айтқым келеді. Ол түтінге әбден тұншығып, өміріне қауіп төнгеніне қарамастан нағыз ерлік көрсетті.

Аула сыпырушы Арлан бұл үйде тұрмайды. Бірақ ол тілсіз жаудан қорықпастан әрі ешқандай саспай, көк түтіннің ортасында жүріп, өртті сөндіруге көмектескен. Бұзақылар газ құбырын да жармақшы болған. Аулаға шыққан тұрғындар жанталасып газды да өшіріп үлгерген.

Сәуле Баймұқанова, қала тұрғыны:

- Өрт сөндірушілерді шақырмадық. Өз күшімізбен өртті өшірдік. Үйге кірмей біраз далада тұрдық. Тұрғындар өз үйімізді өзіміз қорғап қалдық.

Қазір мейрамханада жөндеу жұмыстары басталған. Қарулы шабуыл кезінде белгісіз біреулер 2-3 қабатта тұратын бейбіт тұрғындардың үйлерін де атқылапты. Қауіп-қатер туған сәтте бірлігімен танылған көршілер аула сыпырушы Арланның ерлігін ұмытпасы анық.

Гүлжан Айнабекова, Алмас Садуақас, С.Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы