ШҚО-да бизнес үшін қатаң карантиндік шаралар алына бастады

Шығыс Қазақстанда шағын және орта бизнес үшін қатаң карантиндік шаралар алына бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған Президенттің кәсіпкерлермен кездесуде айтқан тапсырмасы ықпал етті. Бірақ санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақыланады. Бұл өз кезегінде орта және шағын бизнес үшін айтарлықтай жеңілдік болмақ.

Шығыс Қазақстанда бүгіннен бастап дәмханалар мен мейрамханалар, караоке барлар мен бильярд залдары және түнгі клубтардың жұмыс уақыты қасқармайды. Тек келушілердің санына ғана шектеу бар. Отбасылық қуанышты бөлісетін салтанат сарайлары да үздіксіз жұмыс істей береді. Бірақ залдың сыйымдылығы 50 пайыздан аспауы тиіс. Ал келетін қонақтар 100 адамнан көп болмауы қажет. Жағымды хабарды естіген іскер азаматтар қабылданған шешімге дән риза. Олар аймақ басшысымен кездесу барысында өз алғыстарын жеткізді. Еститін үкімет осылай жұмыс істеу керектігін айтты. Реті келгенде Даниал Ахметов те кәсіпкерлерге еліміз үшін сын сағатта қолдау білдіргендері үшін алғысын жеткізді.

Рустам Адамов, кәсіпкер:

- Тез арада тиісті шешімнің қабылдануы бизнес үшін үлкен көмек. Бұл шаралар көптеген жұмыс орындарын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Біздің мүддемізді ескергеніңізге алғысымды білдіремін.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Сіздерге рақмет! Еш алаңдамай, алға сеніммен қараңыздар! Еліміз қиын кезеңді бастан өткерді. Мен 4 мен 5 қаңтар аралығындағы ахуалды айтып отырмын. Бірақ өздеріңіз білетіндей, біздің аймаққа залал келтіріліп, ғимараттарымыз бүлінген жоқ. Алайда өзге өңірлер өкінішке қарай, лаңкестер мен бандиттерден және мародерлерден зардап шекті. Қазір тиісті тергеу жүріп жатыр. Президенттің тапсырмасы іске асып келеді.Уақыт келгенде сіздер бұл қайғылы оқиға кімнің ісі екенін білесіздер.

Бірақ сақтық шаралары қатаң бақыланады. Бұл ретте кәсіпкерлер қарамағындағы қызметкерлердің барлығы дерлік коронавирусқа қарсы екпе алғандарын жеткізді. Тиісті санитарлық талаптар сақталып, келушілер тек «Ashyq» қосымшасымен кіретінін айтты.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Біз 18 жастан асқан азаматтардың барлығы 100 пайыз вакцинаның екі компонентін алған еліміздегі жалғыз аймақпыз. Бұл ретте жерлестеріме алғыс айтқым келеді. Енді осы аптада 12-ден 17 жасқа дейінгі балалардың бәріне екпе салынатын болады. Коронавируспен күресте ревакцинациядан басқа амал жоқ. 1 ақпанға дейін 238 мың адамды ревакцинациядан өткізу керек. Қазір 142 мың адам тиісті екпені салдырды.

Алайда балалар ойын-сауық орталықтары әзірге жұмыс істемейді. Аймақ басшысы бүлдіршіндердің денсаулығына алаңдап, осындай қадамға барып отырмыз деп түсіндірді. Сәйкесінше оқушылар да қашықтықтан білім алады. Тек 9 бен 11 сынып қана мектепке барып оқиды.

Назерке Әбдірахманқызы