Көкшетауда газ бағасы арзандады

Көгілдір отынды саудалайтын кәсіпкерлердің көбі оны мемлекет бекіткен 70 теңгеден сатып жатса, кейбірі тіпті 60 теңгеге дейін түсірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Газ жеткізуші компаниялар зауыттағы баға қазіргідей тұрақты болса, бұл өнімді бөлшек саудада тағы 3-4 теңгеге арзандата аламыз дейді.

Көкшетаулық Сейтқали Көшербай бірнеше жылдан бері тек газбен жүретін көлік тізгіндеп келеді. Өткен айда баға 120-130 теңгеге көтерілгенде қалтамызға қатты әсер етті дейді ол. Мәселен, сол кезде астанаға барып келу үшін 12 мың теңгеден астам қаражат шығындауға тура келген. Ал қазір бұл шығыс екі есеге азайыпты.

Сейтқали Көшербай, қала тұрғыны:

- Қазір арзандап жақсы болды. Қалтамызға жеңіл. Халыққа да жақсы болды. Жүріп жатырмыз. Газбен жүретін көлік көп. Барлығы қуанып жатыр.

Газдың арзандағанына жүк көліктерінің жүргізушілері де қатты қуанып отыр. Себебі олар мінген техникалардың қозғалтқыштары жеңіл көлікке қарағанда көгілдір отынды әлдеқайда көп тұтынады.

Олег Вергизов, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Көлігімізді қайтадан бензинге көшіреміз бе деген ойда болдық. Себебі газ бағасы бензинмен теңесуге сәл қалды. Қазір арзандағаны өте жақсы болды. Енді осылай тұра берсе деген тілегіміз бар.

Ал газды 60 теңгеден сатып жатқан кәсіпкер дәл қазір бизнес өкілдері өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жақсы сезіну қажет. Олай болмаған жағдайда халықты қанаған боп есептелеміз дейді. Өйткені Үкімет те оларға қарайласады. Бір ғана мысал, газ жеткізуші компаниялар бүгінде көгілдір отынның бір литрін зауыттан 36 теңгеден сатып алып отыр.

Батыр Әшіров, газ жеткізуші компанияның басқарушы директоры:

- Мемлекет 70 теңге деп белгілеп берсе, бұл міндетті түрде сол бағада сату керек деген сөз емес. Ол шектік баға. Яғни ең жоғары баға. Халықты да кішкене ойлау керек қой. Ал газды барлығымыз бір зауыттан, бір бағада сатып алып отырмыз. Жеткізуде ғана 2-3 теңге айырмашылық болуы мүмкін. Әрі қарай үстемені қанша қосу әркімнің өз еркінде. Дегенмен қанағат болу керек.

Ай сайын аймаққа 1 мың тонна газ әкелетін бизнесмен, зауыт бағасы осылай тұрақты болса, жақында газды литріне 56 теңгеге дейін төмендете алатынын жеткізді. Жергілікті билік өкілдері де газ құю бекеттеріндегі бағаның төмендемесе, қымбаттауына жол бермейміз дейді.

Біржан Әбдрахманов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда Ақмола облысында сұйытылған газды сатумен 15 мекеме айналысады. Олар бас-аяғы 130 газ құю бекетіне көгілдір отын таратады. Қазір 15 күндік қорымыз бар. Бағаны көтерген жағдайлар әлі тіркелген жоқ.

Жүргізушілер енді бензин бағасы да осылай арзандаса дейді. Ал әзірге АИ 92 маркалы жанармай аймақта 178 бен 182 теңге аралығында сатылып жатыр.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный, Евгений Шинкаренко