Асыраушысы құрылыс алаңында қаза тапқан отбасы кәсіпорын уәде еткен үйді ала алмай жүр

Былтыр Батыс Қазақстан облысында 69 адам өндірістік жарақат алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 17-і көз жұмды. Оқыс жағдайлардың көбі құрылыс саласында тіркелген. Аймақта еңбек заңнамасы мен қауіпсіздік ережелерінің сақталуына қатысты дау-дамай көп.

Оралдық Динара Сахипова төрт жылдан бері балаларын өзі ғана асырап келеді. Отағасы жұмыс барысында құрылыс нысанынан құлап, жан тапсырған. Баспана алуды армандап жүрген отбасы басты тірегінен айырылған соң тіптен қиын жағдайға тап болды. Қазір жесір әйел үш қызымен туыстарының үйінде тұрып жатыр. Марқұм күйеуі жұмыс істеген «Караванный путь» кәсіпорнының басшысы оларға баспана алып беруге уәде етіпті. Алайда келісім аяқсыз қалды.

Динара Сахипова, жалғызбасты ана:

- Картадан көрсетті. Мөңкеұлы көшесінде, құрылыс жүріп жатыр, екі бөлмелі үй береміз деді. Келісімшарт та көрсетті. 4 жыл болды, әлі берген жоқ. Жыл жарым пәтерде жүрдім. Одан кейін туғандарымның үйіндемін.

Амалы құрыған кейіпкеріміз сотқа арыз жазған. Әйткенмен сот әлгі келісімшартты жарамсыз деп таныды. Кәсіпкер кейін отбасыға 2,5 млн теңге ұсынған. Жалғызбасты ана оны қабылдамай қойды.

Хибат Темірғалиева, адвокат:

- Келісімшартта пәтер кемінде 2020 жылға дейін берілетіні жазылған. Құжат заң талаптарына толық сәйкес келеді. Сондықтан соттың шешіміне апелляциялық шағым түсірдік. Арыз қазір облыстық сотта қаралып жатыр.

Ал облыстық еңбек инспекциясы басқармасы қайғылы жағдайға кәсіпорын басшысын емес, бригадирді ғана кінәлап отыр.

Талғат Лұқпанов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

- Марқұм Сахипов пен «Караванный путь» ЖШС арасында еңбек келісімшарты болмаған. Оны жұмысқа үшінші тарап өкілі алған. Яғни кәсіпорынмен арада қызмет көрсету шарты бар қосалқы мердігер қабылдаған. Ол азаматтық-құқықтық келісім ретінде ғана есептеледі. Қауіпсіздік ережелерінің сақталуына жұмыс ұсынған тұлға жауапты.

Еңбек инспекциясынан күдер үзген жалғызбасты ана енді облыстық соттан үміт күтеді. Аймақтағы өндіріс орындарында жазатайым жағдайлар азаймай тұр. Былтыр 17 адам қызмет бабында опат болған. Статистика көрсеткендей, оқыс оқиғалар құрылыс саласында жиі тіркеледі.

Талғат Лұқпанов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

- Жұмыс беруші мен жұмысшы жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасау қажет. Қайғылы жағдай болса, бала-шағасына сол сақтандыру төлемі беріледі. Ал ондай құжат болмаса, жұмыс беруші өз есебінен төлеуі тиіс. Көптеген дау-дамай қосалқы мердігер ұйымдарға қатысты болып жатыр. Әрбір адам еңбек шартын жасар кезде осы жайтқа мән бергені жөн.

Ал ағымдағы жыл басталмай жатып 12 адам өндірістік жарақат алған. Біреуі көз жұмды. Қайғылы оқиға тағы да құрылыс аумағында болған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...