Ақтөбеде тігін цехының иесі мүгедек жандарды жұмыспен қамтуды көздеп отыр

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз еткен кәсіп иелеріне салық төлеуде жеңілдіктер бар. Әлеуметтік топ өкілдерін оқыту, олардың жұмыс орнын талапқа сай жарақтандыруға жұмсалатын қаражат мемлекет тарапынан субсидияланады.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілді. Қазір өңірлерде ерекше күтімге мұқтаж жандарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындар тізімі жасалып жатыр. 

6 жыл бұрын қуықтай жерде тігін цехын ашқан Сәбина Наурызалина қазақы киім-кешек пішетін үлкен орталық ашуды армандаған еді. Енді міне ұлттық ою-өрнек басып, түрлі әшекеймен көмкерілген шапан мен көйлек тігетін ателье ашты. Әзірге 15 тігінші бар. Қосымша ғимарат алып, жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Жас кәсіпкер 50-ге тарта азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Мүмкіндігі шектеулі 8 адамды еңбекке тарту ойда бар.

Сәбина Наурызалина, кәсіпкер:

- Біз сияқты арбаға таңылған адамдар үшін үлкен есік орнатып, бөлмені кең етуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс орындары да арнайы жасақталады. Тиісті тігін машинкалары мен үстелдер талапқа сай болады. Жұмыс істеу кезінде қыздарға кедергі болмауы тиіс.

Іс тігуге икемі бар жандарды оқытып, тәжірибесімен бөлісуге де әзір. Себебі жаңа заң талабы мұндай ишарат жасаған кәсіпкерлерге бюджет есебінен қосымша қаражат бөлмек.

Анар Даржанова, қалалық мәслихат хатшысы:

- Ол салық жөнінде, төмендетілген пайызбен несие, ол грант мүмкіндігі. Ол оқыту. Сондықтан осы жаңа заңды біз кәсіпкерлерге және осы контенгентке барынша жеткізіп хабарлап жатырмыз.

Әлеуметтік кәсіпкер статусына сай болудың бірнеше талабы бар. Бастысы бұл кәсіпорындарда мүгедектер немесе оларды бағып отырған жандар, ата-ана қамқорынсыз өскендер мен қандастар сияқты әлеуметтік топ өкілдері ел қатарлы еңбек етуі шарт. Бұл жайттың қоғамда талқыға түсіп, қордаланған мәселелердің шешімі табылғанына Гүлмирам Сражова дән риза. Арбаға таңылған ақтөбелік осыдан 20 жыл бұрын білім ордасына жұмысқа тұрғанда жағдайдың тіптен қиын болғанын айтады. 

Гүлмирам Сражова, "Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтар одағы" ҚБ атқарушы директоры:

- Жалғыз ғана жеңілдік ол апта сайын ұстаздардың кезекшілігінен босатылдым. Басқа жағдайда барлығымен бірдей болдым. Ең болмаса маған ұстаз ретінде берілетін класстың өзі бірінші қабатта болсыншы деп сұрадым. Бірақ ол менің сұрағым қабылданбады. Мүгедек адамдар осы күнде белсенді болып келе жатыр.

Ерекше күтімге мұқтаж жандардың жұмыс орнын дайындау үшін Сәбина Наурызалина тиісті қоғамдық бірлестік өкілдерінің кеңесіне жүгінген. Бұл мүгедектердің қоғамға етене араласуына жасалған жағдай. Яғни он екі мүшесі сау тігіншілермен тең еңбек етіп, адал табыс табуда алалық болмауы үшін қажет.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков