Жанайқайымыз ескерілмей отыр – ақтаулықтар

Ақтауда 200-ден астам отбасы газсыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан 19а шағынаудандағы көп қабатты 3 үйдің тұрғындары амалсыздан қазір электр пешін пайдалануда. 2020 жылы мемлекеттен берілген жалдамалы пәтерлердегі мәселе жалғыз бұл емес.

Үйлерде жылу мардымсыз, терезеден жел үрлеп тұр. Электр энергиясы да жиі сөнеді. Бұл қордаланған мәселелерден жергілікті билік хабардар. Алайда халықтың жанайқайы ескерілмеген. Сондай-ақ тұрғындар жалдамалы баспаналарын жекешелендіруді сұрайды.

Бұл 19а шағынаудандағы 12, 20 үй тұрғындарының жанайқайы. 2020 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы әкімдіктен алған жалдамалы пәтерлерінің сапасына көңілі толмайды. Көпшілігі 10 жылдан астам үй кезегіне тұрып, қол жеткізгендерін айтады. Бірақ қуаныштары су сепкендей басылыпты. Кемшілікті өз қаражаттарына түзеуге ниетті. Бірақ баспанамыз жекешелендірілсе дейді олар.

Анар Жалғасбаева, көпбалалы ана:

- Біз кезінде жалдамалы үй сұраған жоқпыз. Заңгер де таныстырған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұрайтынымыз, бізге жекешелендіруді сұраймыз. Халықты жинап барамыз. Жылу жоқ. Доп қылып ойнатты халықты.

Нұрсұлу Жұмағалиева, қала тұрғыны:

- Жаңаөзен қаласынан көшіп келдік. Өзенмұнайгаз ақша бөлген. Жалдамалы үй беріп отыр. Атымызға өтуге талап етеміз.

41 жастағы Айнұр Иманбаева - да осы үйден жалдамалы пәтер алған тұрғынның бірі. Мүгедек бала асырап отыр. Айтуынша, қыс басталғалы азынаған пәтерден әбден ығыры шыққан. Жылу мардымсыз. Амалсыз электр жылытқыш пайдаланады.

Айнұр Иманбаева, қала тұрғыны:

- 10 жыл дегенде алдық, көк цементтің үстінде отырмыз. Терезеден жел гулейді. Үй деген қара боран. Арендамен 30 мың төлеп отырмыз. Үй дұрыс емес.

19а шағынаудандағы бұл көпқабатты үйлерге газ да тартылмаған. Тұрғындар электр пешін пайдаланады. Тамақ дайындағаннан бөлек, тұрмыстық қажеттілік бар. Сондықтан коммуналдық төлем қалтаны қағады дейді олар.

Людмила Кирянина, қала тұрғыны:

-Екі жыл болды, әлі газ жоқ. Қаншама адам күтіп отырмыз. Айына 20 мың токқа төлеп отырмын.

Тұрғындардың жанайқайы жергілікті билікке жақсы таныс. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, Ақтау бойынша 2019 жылы 132 отбасыға, 2020 жылы 144мұқтаж отбасыға жалдамалы пәтер берілген. Қазіргі кезде олардың барлығы баспаналарын жекешелендіруді сұрап отыр. Бірақ бұл сұрақ әзірге басы ашық күйінде қалып отыр дейді ол. Ал коммуналдық мәселелер біртіндеп шешіледі.

Алпысбай Таубаев, қала әкімінің орынбасары:

- ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ұсыныс жолданды. Хатқа жауап берілді. Яғни жалдамалы пәтер жекешелендіруге жатпайды деп түсінік берілді. Бүгін тағы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне аталған санаттарға берілген жалдамалы пәтерлер жекешелендіруге жата ма жатпайма түсінік беру жөнінде хат жолданды. Жауабы берілгеннен кейін қаралатын болады.

Ал көгілдір отын тұрғын-үйлерге осы аптадан бастап тартыла бастаған. Енді тұрғындар жауапты мекемемен өзара келісімшартқа отырып, пәтерлерге тарату жұмыстарын жүргізуі тиіс. Ал жылуды реттеу ПИК-ке тапсырылған.

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев