Көлік бағасы не себепті көтеріліп жатыр?

Бұл жайында сарапшылар ой бөлісті. Олардың пайымынша, қазір нарықта жаңа көліктер ғана емес, жүрілгендерінің де бағасы шарықтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көлік бағасы жылда өседі. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде бар құбылыс. Сарапшылар мұндай көрініс бір емес, бірнеше фактордың әсерінен болатынын айтады. Сондықтан утилизациялық алым мөлшерінің азаюы көлік құнын төмендетеді дегенге сене қою қиын. Себебі бағадағы тұрақсыздық тек бұған байланып тұрған жоқ.

Андрей Чеботарёв, қаржы саласының сарапшысы:

- Бір есептен микрочиптер мен жартылай өткізгіштердің тапшылығы әсер етті. Соның салдарынан көлік өндірісі айтарлықтай азайды. Бірақ сұраныс өскен үстіне өсіп отыр. Экономика заңы солай: сұраныс артқанмен, лайықты ұсыныс болмаса, баға шарықтап кетеді.

Мамандардың пайымынша, тіпті жүрілген көліктердің өзі де бүгінде қол жеткізбей барады. 

Евгений Кубеков, Kolesa.Kz порталының шеф-редакторы:

– Жүрілген мерзімі екі жылдан асқан көліктерге талдау жасай келе, баға шамамен 5-тен 21 пайызға көтерілгенін байқадық. Сонымен қатар ескі, бірақ аса танымал маркалы көліктердің де құны да өсті. Бастапқы нарықтағы қымбатшылық қайталама нарыққа осылайша әсер етті. Өткен жылы көлік өндірісіне қажет бөлшектер тапшылығы байқалғанын білеміз, жеткізіп беруде біраз кедергілер туындады.

Десе де ел ішінде жаңа көліктерді көбейтуге болады. Ол үшін темір тұлпарды сатып алуды мейлінше жеңілдету керек дейді қазақстандық автобизнес қауымдастығының вице-президенті.

Анар Мақашева, ҚАБҚ вице-президенті:

– Бұрындары мемлекет әзірлеген жеңілдетілген несие бағдарламасы халық арасында зор сұранысқа ие болды. Ол бойынша азғантай алғашқы жарна сала отырып, 5 жылға 4 пайызбен көлік сатып алуға болатын. Бұл бағдарлама елдегі әрбір тұрғын үшін қолжетімді болды десем артық айтқаным емес.

Енді утилизациялық алымдардан түскен қаражатты осы іспетті түрлі бағдарламаларға жұмсаса, анағұрлым тиімдірек болар еді дейді сарапшылар. Олардың сөзінше, мұндай механизм көрші елдерде бар.

Андрей Томышев, EY серіктесі:

– Қаражат сонымен бірге өнеркәсіпті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру үшін де жұмсалады. Бір сөзбен айтқанда, бұл төмен пайызбен берілетін автонесиелеу жобасы. Яғни көлік бағасына жеңілдік жасау, коммерциялық техниканы жеңілдетілген лизингке беру, ресейлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға жеңілдік жасау сынды бірқатар шараларды қолға алуға болады.

Көліктердің қымбаттауына шикізат құнының өсуі де әсер еткен. Биыл металл нарығындағы жағдай тек көлік қана емес, құрылыс саласын да құрдымға жібере жаздады. Сондықтан утилизациялық алымдарды мүлде алып тастау елдегі қымбатшылықты жояды деуге келмейді. Себебі баға саясатын әлемдік нарық белгілейді дейді сарапшылар.

Назерке Тоқжан