Нұр-Сұлтанда волонтерлер COVID-19 ревакцинациясынан өтіп жатыр

Елорда еріктілері коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациядан белсенді өтіп, қала тұрғындарын иммундаудан өтуге шақырады. Жақында олардың бір бөлігі «Абу Даби Плаза» СОО-дағы егу пунктінде  ревакцинациядан өтті.

Еріктілер – індетке қарсы күрестегі басты күштердің бірі. Олар вакцинация пункттерінде, ауруханаларда, жұқпалы аурулар стационарларында жұмыс істейді, қазақстандықтарға өзін-өзі оқшаулауға көмектеседі, мұқтаж жандарға, қарт кісілерге жәрдем береді және осының бәрін ерікті түрде өтеусіз жүргізеді.

«Еріктілеріміз әлі күнге дейін ковидтік госпитальдарда жұмыс істеп жүр. Мұндай орында жұмыс істеу физикалық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да қиын. Мәселен, күліп, сөйлесіп жатқан адам кенеттен ес-түссіз ауырып қалады, оған оттегі қажет. Волонтерлеріміз осының бәрін өз көзімен көрді, сондықтан вакцинация және ревакцинация туралы мәселеде ойлары орынды», – дейді «Қазақстанның Медицина Жастары» РҚБ төрағасы Абылайхан Әбдірәш.

«Астана жастары» волонтері Дамир Айтымов ревакцинациядан алғашқылардың бірі болып өтті. Коронавирустық пандемия кезінде жас жігіт аянбай еңбек етті. Карантин шараларын сақтауға көмектесті, сол сияқты маска, қолғап, антисептик таратты.

«Мұндай жағдайда көмек көрсетпей, шетте қалғым келмеді. Науқастардың жағдайын өз көзіммен көру шынымен қиын болды. Екпе алып, «қызыл аймақта» жұмыс істеп жүрген еріктілерге көмектестім. Қазір ревакцинацияға келіп отырмын. Елордада науқастар қатары тағы да көбейіп келеді. Бұл біздің иммунитетіміз әлсірейтінін, ал вирус мутацияға ұшырайтынын білдіреді. Әрбір адам өз денсаулығы өз қолында екенін түсінгенін қалаймыз», – деп өз ойымен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, вакцинация мен ревакцинация ғана адам денсаулығын қорғауға, пандемияны тоқтатуға және өмірдің қалыпты күйіне оралуға мүмкіндік береді.