Павлодарда Күләш Байсейітованың 110 жылдығына арналған көрме ашылды

«Театр, опера, балет». Павлодар қаласында осындай атаумен көрме ашылды. Ол қазақтың бұлбұл әншісі – Күләш Байсейітованың 110 жылдығына арналған.

Көрмеде жұрт назарына ұсынылған шығармалар өткен ғасырдың танымал суретшілері салған дүниелер. 70 жыл бұрын салынған бұл туындылар театр өнерін суреттейді. Олардың барлығы облыстық көркем сурет музейінің алтын қорында сақталып келген. Музейдің шығармашылық маусымының шымылдығын ашқан бұл көрме бір айға ұласады.

Ольга Пашко, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

– Көрменің мақсаты - опера, театр, балет және көркемсурет өнерін бір арнаға тоғыстыру. Көрермен назарына ұсынылған шығармалар өткен ғасырдың ортасында қарқынды дамыған театр өнерінен сыр шертеді. Сол кезеңдегі суретшілердің картиналары біздің қорда сақтаулы. Туындылардың көбін алғаш рет көрермен назарына ұсынып отырмыз.