Ақтөбеде балалар мен жасөспірімдер үшін тегін үйірмелер көбейді

Ақтөбеде балалар мен жасөспірімдер үшін тегін үйірмелер ашылған. Қызмет ақысын жерілікті бюджет өтейді. Осындай кеңшілік болған соң, қалада кейінгі екі айда бес мың бала әр түрлі үйірмелерге жазылып, өтініш берген. 

Бұл қалада пайда болған шығармашылық орталықтардың бірі. Ашылғанына екі айға жуық уақыт болса да, қазір мұнда 170 бала сурет салу, актерлік шеберлік және қолданбалы өнер үйірмелеріне қатысып жүр. Таяу күндері латын қарпіндегі қазақ тілін үйрету ісі де қолға алынбақ. Ал балаларға дәріс беретін мамандар да арнайы іріктеуден өткен.

МАРИНА ДЕРКАЧ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Бұл зор мүмкіндік. Ең бастысы ақысыз, барлық қызмет түріне кететін шығынды мемлекет өтейді. Балаға қажетті бұйымдар да осыннан беріледі. Соңғы жылдардағы карантиндік шектеулерден кейін үйірмелердің қалыпты жұмыс істеуі кереемет болды.

Балаларға арналған тегін үйірмелер өткен жылдың желтоқсанынан бастап жұмыс істеп жатыр. Бұл жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қолға алынған шара. Нәтижесінде қала мен бірқатар ауданда жалпы саны бес мың баланы қамтыған 50-ге жуық үйірме пайда болды. Облыстық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, бұл ретте қосымша ұйым құрылған емес. Тек мемлекеттік тапсырыс аясында жеке сектордағы орталықтар, бірлестіктермен жұмыс жүруде. Нәтижесінде, мүмкіндігі шектеулі балаларға да жағдай жасалған.

ГАУҺАР ҮМБЕТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Бұл ата-аналар үшін өте ыңғайлы. Ең бастысы – әр мөлтек ауданда ашылған. Баламды бір өзім бағып отырған мен үшін тіпті жақсы болды. Бұрын ақылы түрдегі орталыққа баратын едік. Енді бір уақыт осында қалдырып, жұмысымды атқарам.

Бүгінде облыс бойынша жалпы саны 162 мың бала мектепішілік және одан тыс қосымша білім беру ұйымдарымен қамтылған. Дегенмен, түрлі бағыттағы үйірмелерге баруға тілек білдіргендердің саны әлі де жетерлік. Сондай-ақ, сұранысқа ие спорт, ғылыми-техникалық және тағы басқа бағыттағы үйірмелердің де жетіспеушілігі байқалады.

АСХАТ ІЗБАСАР, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Бізде спорттық бағыттағы үйірмелерге сұраныс жоғары. Бокс, каратэ, қазақша күрес, оның ішінде шахмат, шашки деген сияқты үйірмелерге сұраныс жоғары. Ата-аналар тарапынан ұсыныстар өте көп. Одан бөлек, мына бізде актерлік шеберлік, бағдарламалау деген сияқты. Біз бұны пилоттық жоба деп атай аламыз. Енді осы екінші жарты жылдықтан бастап біз, бес мың орыннан бөлек тағы да бала санын қамтуды, ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Бұл жұмыс одан әрі жалғасын таппақ. Ал үйірмелердің сапасын бақылау қоса атқаралатын болады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев