Қызылорда облысында 5 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр

Қызылорда облысында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Халықтың әсіресе жастар үшін қолжетімді болуы тиіс нысандар биыл пайдалануға берілуі керек. Ағымдағы жылы сондай-ақ мемлекеттік қаржыландырудың жан басына шаққандағы тапсырыс үлесі көбеймек. Бұл балаларды бұқаралық спортқа баулуға септігін тигізбек.

Балалар мен жасөспірімдерді дене тәрбиесімен шұғылдануға барынша көптеп тарту үшін өткен жылы 212 миллион теңге бөлініп, 2 жарым мыңдай өрен үйірмелерге жазылған. Биыл спортты жанына серік еткен жеткіншектерді 5 мыңға жеткізу межесі тұр. Бұған 638 миллион теңге қаралды. Спорттық секциялар желісін кеңейту мақсатында жабдықталған жабық кешендер әсіресе шалғай ауылдарда салынып жатыр. 

Серік Жұматов, облыстық спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Арал ауданы Қамыстыбас және Аманөткел ауылдары, Қазалы ауданы Пірімов ауылы, Қармақшы ауданы, Жосалы және Жалағаш ауданы, Жалағаш кенті орталықтарында дене шынықтыру кешендерінің құрылысы басталды. Қармақшы ауданы Ақай кентіне сауықтыру кешенін салуға қаржы бөлінді. Жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Шиелі ауданы Балаби ауылындағы спорт кешенін толық күрделі жөндеуден өткізуге қаржы келіп отыр.

Өңірде спорт нысандарын салуға демеушілер де көптеп тартылмақ. Сонымен қатар мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің тиімді тетігі қолданыла береді. Сондай ортақ жобаның жемісі ретінде Шиелі ауданы Нартай Бекежанов ауылында ашылған кешеннің күрес, волейбол мен баскетбол секциясына елді мекеннің 200-дей өрені қатысып жүр. Одан бөлек шахмат пен тоғыз құмалаққа қызығатындар күн санап артып келеді. Арнайы киімдер мен түрлі доптарға қолы жетіп, ойынның қызығына батқан балаларды жаттықтырушылар үйлеріне әрең қайтарамыз дейді. Жалпы соңғы жылдары қаладан гөрі ауылдағы спорт кешендеріне сұраныс көп екендігі байқалады. 

Ғабит Тажбанов, №9 балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры:

- 25 ауыл болса соның 15-інде бар. Бұрынғыға қарағанда қазір Алғабас, Еңбекші, Жөлек, Бестам, Төңкерісте, Нартайда, Ақмая елді мекендерінде спорт нысаны бар. Және Байсын ауылдық округінде мәдениет үйінің 1 кең залын алып отырмыз.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 250 мыңға жуықтап, тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысу деңгейі 30%-тен асқан. Облыста 4 мыңнан астам спорт нысаны болса, соның 40-ы ғана жабық кешен. Әмбебап нысандарды көбейту мақсатында 22 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Соның ішінде ең ірісі байдарка және каноэ есу базасы. Жалпы облыс спортшылары өткен жылы ел чемпионаттары мен кубоктарынан 90 медальді аймақ қоржынына еншілесе, биыл ол көрсеткішті 2 еселеу міндеті тұр. Сырдың спортсүйер қауымын «Қайсар» футбол клубының төменгі лигаға түсіп қалғаны жабырқатып тастады. Аймақ жұрты Сыр аяқдопшыларының премьер-лигаға оралуынан үмітті. 

Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов