Мамандар биыл Түркістанда қуаңшылық болуы мүмкін деп болжайды

Оңтүстік өңірдегі өзен-көлдердің толмауы осыны аңғартады, деп хабарлайды Хабар 24.

Былтыр Түркістан облысында Келес, Сарыағаш аудандарының шаруалары мал азығы болмай қиналған еді. Келес ауданына қарасты Бозай-Жамбыл ауылының тұрғыны Рахманәлі Әлтеев мыңға жуық ұсақ мал, жүзге тартқа іріқара ұстайды. Шаруа былтырғы қуаңшылықта қатты қиналғанын жасырмайды. Жерге шөп шықпаған соң қолдағы бар малға қыстық азықты көрші аудандардан сатып алғанын айтады. Тағы да болса мемлекет қарайласып, төмендетілген процентпен несие берген. Соның есебінен жем-шөп қорын толықтырып, қыстан қысылмай шығамыз деп отыр.

Рахманәлі Әлтеев, шаруа:

– Ауылымызда құрғақшылық, шөп болмағандықтан жан-жақтағы аудандардан алдым. Шардара ауданынан алдық. Васход, Қазақстан совхоздарынан тасымалдадық шөпті. Биыл да құрғақшылық болады деген болжам бар. Жүгері егеміз деп жоспарлап отырмыз. Жүгері әрі шөп, әрі жем болады. Мемлекет тарапынан жақсы көмектер боп жатыр. Бір қойға 2500 теңгеден субсидия беріп жатыр, сиырға 10 мың теңгеден, оның өзі біздің шаруаларға тиімді болып жатыр.

Аудан әкімдігі алдағы құрғақшылыққа қазірден бастап дайындалып жатыр. Субсидиядан бөлек, мамандар шаруалармен кездесіп, суды аз қажет ететін және мал азығы дақылдарын егуге кеңес беруде. Сонымен қатар өңірдегі арық-атыздарды тазартып, су қоймаларын барынша толтырып алуға тырысып бағуда. Бұл аз да болса суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Абай Жаңбырбаев, аудан әкімінің орынбасары:

– Бізде 24 мың гектар суармалы егістік жер бар. Сол жерге жоңышқа, жүгері дақылдарын егіп, қысқы мезгілге азық дайындау. Мақсатымыз сол. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Жұмысшы топ құрылған. Канал тазалау бойынша жергілікті бюджеттен 130 млн теңге қаржы қаралды. Жүзден астам канал теханикалық тазалаудан өтеді. Біз бұл каналдарды тазалап, қажетті суды тиісті деңгейде алатын болсақ тағы да 2 мың гектар егістік жерді қосамыз.

Келес ауданының шаруалары былтыр басқа аудандарға қарағанда құрғақшылықтан көп зардап шекті. Қыста қар, көктемде жауын болмады. Арық-атыздардың табаны кеуіп кетті. Жерде көк, малға шөп болмады. Қуаңшылық шаруаларды қыспаққа алып тентіреп жіберді. Жем-шөптің бағасы да аспандап кетті. Жалпы ауданда мал шаруашылығымен айналысатын 600-ден астам қожалық бар. Бұдан бөлек 12 мыңға жуық отбасы жеке үй жағдайында мал ұстайды. Мамандар алдағы жылы төрт түлікті қыстан қысылмай аман алып шығу үшін кем дегенде 14 мың тонна мал азығы қажет екенін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш