Жаппай тәртіпсіздік: 711 адам тергеу изоляторында отыр

Бүлік кезінде 731 адам тергеу изоляторына жеткізілген. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша жиырма адам кейіннен үйқамаққа ауысты, кейбірі ешқайда кетпеу туралы қолхат қалдырған, деп хабарлайды Хабар 24.

Қалғандары әлі тергеу изоляторларында. Десе де бұлтартпау шарасымен келіспегендер прокуратураға жүгінуге мүмкіндік бар. Өткен аптада ішкі істер министрлігінің сенім телефонына 544 хабарлама түскен. Полицияның адамдарды ұстап әкетуіне қатысты 46 арыз-шағым тіркелген. Оның ішінде ұсталған 18 адамның тағдырына қатысты сұрау хаттар түскен. Құқық қорғау органдарының өкілдері олардың не себепті және қай жерде қамауға алынғанын және қалай хабарласуға болатынын түсіндірді. Жалпы полиция қызметкерлерінің заңға қайшы әрекетін ішкі істер министрлігінің 1402 сенім телефонына хабарлауға болады немесе министрдің блогы мен фрон-кеңселеріне хабарласып, шағым түсіру мүмкіндігі бар.