Байқоңыр ауданын газдандыру жұмысы алдағы екі жылға бөлінді – Алтай Көлгінов

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Байқоңыр ауданының даму барысы туралы айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Жұмыс барысында аудандарымыз бен елді мекендерімізді тұрақты түрде аралаймыз. Өндіріс, Кирпичный және Қазқалашық (Байқоңыр ауданы) елді мекендерінің тұрғындарымен кездестім. Проблемаларды қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді деп бөлеміз. Алғашқы екеуі бойынша негізгі сауалдар – жарықтандыру, жолдар, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер салу, автобус маршруттарын іске қосу және т.б. Бұл проблемаларды тұрақты түрде шешіп келеміз.

Ұзақ мерзімді проблемаларға толығырақ тоқталып өтейін. Бұған дейін қала тұрғындары мектеп, балабақша, спорт нысандарын салу, сондай-ақ сумен жабдықтау және т.б. мәселелер бойынша өтініш білдірген болатын.

Осылайша, 2021 жылдың қыркүйегінде Өндіріс елді мекенінде біз бес қабатты мектеп аштық. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі №23 орта мектеп аумағына салынды. Ескі мектепте асхана, акт залы, мұғалімдер, әдістемелік кабинеті болмаған еді. Аталған проблемалардың бәрі, сол сияқты тығыздалған режим мәселесі де шешілді.

Биыл Кирпичный елді мекенінде тағы бір мектеп саламыз. Сондай-ақ, жеке инвестор есебінен балабақша құрылысы да басталады. Балабақшаны субсидиялайтын боламыз, осылайша ата-аналарға ауыртпалық түспейді. Өндіріс елді мекенінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, онда қала тұрғындары спортпен тегін айналысып, түрлі үйірмелерге қатыса алады және т.б.

Сумен жабдықтау мәселелеріне тоқталып өтейін. Былтыр сорғы-сүзгі станциясының (ССС) құрылысы басталған болатын. ССС-3 жұмысының бірінші кезеңі биыл күзде басталады. Ал 2023 жылы толық аяқталады. Сорғы-сүзу станциясы қаланың алдағы уақытта құрылыс жұмысы жүретін аудандарын ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ сумен жабдықтаудың қазіргі қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа жобаның қуаттылығы – тәулігіне 105 мың текше метр. Бұл – қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды стратегиялық нысан.

Газдандыру бойынша. Осыған дейін хабарлағанымдай, газ тарату желісін 9 елді мекенге орнаттық. Олар Алматы және Сарыарқа аудандарында орналасқан. Ал Байқоңыр ауданын газдандыру жұмысы 2022 және 2023 жылдарға бөлінген. Мысалы, биыл Өндіріс, ал 2023 жылы Кирпичный, Қазқалашық елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысын бастаймыз.

Елді мекендерде екі жыл ішінде 160-тан астам көшеге асфальт төседік, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандырдық, жарықтандыру жұмысын жүргіздік, жаңа автобус маршруттарын іске қостық, «үйдегі дәрігер» және т.б. бірқатар нысандар аштық.

Осылай аудандарымыз бен елді мекендеріміздің тұрғындарымен көзбе-көз кездесеміз. Қала тұрғындары арқылы түсетін сұрақтарды аралау, азаматтарды қабылдау және басқа да кездесулер арқылы бақылауымызға аламыз», - деп жазды қала әкімі.