Павлодар облысында эпидахуал күрт нашарлап кетті

Өңірде омикрон штамы ресми тіркелген жоқ, деп хабарлайды Хабар 24.

Бірақ ауру көрсеткішінің артуына қарап ел арасында қауіпті дерттің жаңа түрі тарап жатыр деген күдікті жоққа шығармайды. Бүгін 980 адамның ПТР-сараптамасы оң нәтиже көрсетті. Оның 861-і вирустың симптомды түрімен ауырып жатыр. Коронавирус індеті кейінгі кезде балалар мен жүкті әйелдер арасында көптеп тіркеле бастаған. Соңғы күндері covid-19-дың 371 баладан анықталғаны белгілі болды.  Олардың жартысы стационарлық емдеуде. Медицина қызметкерлері мұны әу баста балаларға  екпе жасалмауымен байланыстырады.

Айта кетсек, қазір егде жастағы  адамдар мен балалар үшін өңірде Pfizer вакцинасын салдыруға мүмкіндік бар. Жуырда ревакцинация үшін облыс Sputnik Lite екпесінің 6,5 мың дозасын алды. Эпидахуалдың күрт нашарлауына қарамастан аймақта дәрі-дәрмектен тапшылық жоқ. Төсек-орын қоры жеткілікті.

Ерғалы Асылбек, облыстық денсаулық басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– Өткен аптада 5 мың 375 жағдай тіркелді. Бұл өңірдегі антирекордтық көрсеткіш. Бүгінде осы төсек-орындардың жүктемесі 53 процент болып отыр. Осы аурушаңдықтың күрт өсуіне қарамастан стационарлық деңгейде ем қабылдап жатқан адамдардың саны күрт өскенін байқап отырған жоқпыз. Себебі амбулаториялық деңгейде осы жүктемемен ситуациялық орталықтар, мобильді бригадалар, яғни науқастарды емдеумен сол медициналық қызметкерлер айналысып жатыр.