Алматыда әлеуметтік сала мен қызмет көрсету жанданды  

Алматыда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы арзандады, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі штаб отырысында әкімнің орынбасары Мақсат Қиқымов хабарлады. Қалада барлығы 3 жарым мыңнан астам үй жанындағы дүкен бар. Қазір аудандық әкімдіктердің мамандары бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша мониторинг жүргізіп тұрады. Осындай профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде күнбағыс майы 920 теңгеден 780 теңгеге, әлеуметтік нан 100 теңгеден 90 теңгеге төмендетілген. Бірінші сұрыпты ұн, айран, сүт, қант пен жұмыртқа бағасы да арзандатылған. Сондай-ақ демалыс күнгі азық-түлік жәрмеңкелері де ашылды. Бүгіннен бастап 295 мектептегі 302 мыңнан астам оқушы аралас форматта оқуға кірісті. Оның ішінде бастауыш сыныптар толықтай мектеп қабырғасында білім алады. Ал колледж студенттері аралас форматта оқитын болады. 

Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

– Қаладағы қоғамдық жағдай бірқалыпты. Студенттер бойынша 27 жоғары оқу орны офлайн форматта оқуға көшті. 10 университте оқу аралас жүріп жатыр. Еріктілер штабы 10 қаңтарда жұмысын бастады. Өтініштер қабылданып 21 қаңтарға дейін балалар үйінің тәрбиеленушілері мен жатақханалардағы студенттер азықпен қамтылды.