Тәртіпсіздіктен зардап шеккендер ипотекалық несиені кейін төлей алады

Ол үшін «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық бағдарламалары бойынша төлем мерзімі үш айға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы «Қазақстанның орнықтылық қоры» мәлімдеді. Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бұйрығымен төлемдерді кейінге қалдыру тәртібі бекітілді. Оған сәйкес, банктер төлемдерді 2022 жылдың 5 қаңтарынан 5 сәуіріне дейін кейінге қалдырады. Бұл қарыз алушының кредиттік тарихына әсер етпейді дейді мамандар. Төлемді кейінге қалдыру үшін қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды қосып, банкке еркін түрде  өтініш беру керек. Оны электронды пошта, мобильді қосымшаның және басқа да байланыс құралдарының көмегімен немесе банк бөлімшесіне барып жазуға болады. Өтінішті қарау мерзімі 10 жұмыс күні. Төлемді кейінге қалдыру туралы өтініш сәуірдің төртіне дейін қабылданады. Бұл төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен қарыз алушыларды қолдау мақсатында жасалған шара.