Алматының Алатау және Наурызбай аудандарында Оқушылар сарайлары салынуда

Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мегаполисте білім беру, спорт және демалыс инфрақұрылымын дамыту туралы айтып берді.

Спикердің айтуынша, Алматыда әлі де мектептен тыс тегін білім берумен қамту төмен-жалпы контингенттің небәрі 9%-ы.

«Аталған мәселені шешу үшін Алатау және Наурызбай аудандарында екі жаңа Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Әрқайсысының қуаттылығы – 675 адам. Бұл нысандар қосымша білім беру және балалардың бос уақытын өткізу бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деді әкім орынбасары.

Балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығы мәселесі де белсенді шешілуде.

Мұхит Әзірбаев биыл бюджет есебінен Наурызбай ауданының «Қалқаман-2», Алатау ауданының «Нұркент», «Мәдениет» және «Дархан», Түрксіб ауданының «Қайрат» шағын аудандарында бес мектептің, сондай-ақ №9, 48, 191 үш мектепке қосалқы құрылыстың салынатынын атап өтті.

«Саялы» және «Зерделі» шағын аудандарында барлығы 1100 оқушы орынды екі мектеп, сондай-ақ қаланың алты мектебіне қосалқы құрылыс салу жоспарланған - №59, 112, 148, 103, 65, 97.

«Мектепке дейінгі білім беру нысандары бойынша Наурызбай, Алатау, Әуезов, Жетісу және Түрксіб аудандарында тоғыз балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау жұмыстары жүргізілуде. 5 жылға дейінгі кезеңде мектептер мен балабақшалардағы тапшылықты жою жоспарлануда», - деді әкімнің орынбасары.

Әзірбаев спорт нысандарына қатысты мыналарды хабарлады.
«Алатау ауданында 14 кортқа арналған теннис орталығының құрылысы аяқталуда. Бірінші жартыжылдықта Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДСК) іске қосылады. Оларға бару барлық жас санаттары үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болады. ДСК-дерінде санатына қарай әмбебап спорт залдары, бассейндер, тренажер залдары, күштік дайындық, бокс және хореография залдары, үстел теннисіне арналған залдар және шахмат клубы болады», - деді спикер.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Наурызбай, Әуезов, Алмалы және Түрксіб аудандарында тағы жеті ДСК жобалануда, олардың құрылысы жыл соңында басталады.