ҚР ІІМ: Полицияның үстінен 46 шағым түсті

Елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде 731 адам тергеу изоляторларына жеткізілген. Оның 20-сы кейіннен үйқамаққа ауысты, енді бірі ешқайда кетпеу туралы қолхат жазды. Қалғандары әлі қамауда. Десе де, бұлтартпау шарасымен келіспегендердің прокуратураға жүгіну мүмкіндігі бар. 

Елде төтенше жағдай аяқталғанымен, құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздікке қатысы барларды анықтау жұмысын жалғастырып жатыр. 

Ішкім істер министрлігі «Құқықтық тәртіп» атты жедел алдын алу шарасын қолға алған. Бірақ, ведомство «шаш ал десе, бас алды» дегенді болдырмайтынын жеткізді. Өткен аптада ішкі істер министрлігінің сенім телефонына 544 хабарлама түскен. Адамдарды ұстап әкетуіне қатысты полиция қызметкерлерінің үстінен 46 арыз-шағым тіркелді. Оның ішінде 18 адамның тағдырына қатысты сұрау хаттар да бар. Құқық қорғау органдарының өкілдері олардың не себепті және қай жерде қамауға алынғанын және қалай хабарласуға болатынын түсіндірді. Сондай-ақ, ұсталғандарға күш қолдану деректерінің барлығы тіркеледі деді министрлік өкілдері.   

Нұрділда Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:

– ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде және барлық өңірлік департаменттерде «Колл-орталықтар» ұйымдастырылған. Осы орталыққа тергеудегі адамдар жайында және басқа да мәселелер туралы ақпарат алу үшін жүгінуге болады. «Колл-орталықтарға» адвокаттар да хабарласа алады.

Сонымен қатар, ұсталғандардың телефонын тартып алуға қатысты 28 шағым түскен.  Олардың барлығы лаңкестік әрекет, ғимараттарға шабуыл жасау, бүлікті ұйымдастыру баптарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында тәркіленген. Жалпы, полиция қызметкерлерінің заңға қайшы әрекетін ішкі істер министрлігінің 14-02 сенім телефонына хабарлауға болады. Немесе министрдің жеке блогы мен фронт-кеңселерге хабарласып, шағым түсіру мүмкіндігі бар.

Нұрділда Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:

– Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өту қажет. Естеріңізге сала кетейін, заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыстар болмаса, жауапкершіліктен босатылады. Осыған байланысты ІІМ азаматтарды заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және арнайы құралдарды өз еркімен тапсыруға шақырады.

Қазір кей өңірлерде автокөліктер жіті тексеріледі. Осылайша тыйым салынған заттардың тасымалын бөгеу үшін блок-бекеттер мен «шеп» бекеттер жұмысын жалғастырып жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы аптада Қазақстанда 2400-ден астам қылмыс жасалды. Оның 1600-ден астамының ізі суымай ашылған. Оның ішінде кісі өлтірудің 12 дерегі, арты өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана зиян келтірудің 3 дерегі және 433 бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы бар.