431,41 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елдегі эпидахуал: ересектер арасында вирус жұқтырғандар саны күрт өсті

  • 139
  • UPD: 20:55, 24.01.2022

Елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны азайды. Осыдан бір күн бұрын індетке шалдыққандар саны 14 мыңнан асып кетсе, өткен тәулікте 11 мың науқас тіркелді.

Алайда жағдай реттелуге жақын деп айтуға әлі ерте. Кей өңірде эпидемиологиялық ахуал керісінше, нашарлаған. Әзірге сары аймақта Түркістан облысы ғана тұр. Қазір елімізде 152 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр. Олардың 10 мыңы – ауруханада. 386 науқастың жағдайы ауыр, 71 адам өкпені желдету аппаратына қосылған.

Ақмола облысында бір тәулікте 1 мыңнан астам адам ковид індетіне шалдыққан. Бұл пандемия басталғалы бері тіркелген антирекорд, - дейді дәрігерлер. Ал қауіпті вирусты жұқтырғандардың жартысына жуығы Көкшетау қаласының тұрғындары. Инфекциялық ауруханаларда 600-дей пациент жатса, олардың 20 шақтысы ауыр халде. Өңір қазір «қызыл» аймақта. Сәйкесінше біраз шектеулер бар. Мәселен, ірі сауда орталықтарына тек «жасыл» статусы бар адамдар ғана кіре алады. Ал, оқушыларының саны 600-ден асатын мектептерде білім алушылардың жартысы бүгіннен бастап қашықтан оқуға көшірілді.  Айта кетейік, жыл басынан бері Ақмола облысында 7 мыңнан астам адам коронавирус дертіне шалдығып, олардың 8-і көз жұмды.

Айнагүл Мусина, облыстың бас санитарлық дәрігері:

– Вирус жұқтырғандардың контингентіне келер болсақ, олардың 80 проценті 30 бен 60 жас аралығындағы жұмыс істейтін халық. Осылайша ересектер арасында ауру көрсеткіші көбейгендігін байқаймыз. Ал мектеп оқушылары арасында өсім жоқ. Себебі, олар біраз уақыт демалыста болды және небәрі 1 апта ғана офлайн оқыды.

Павлодар облысында да жағдай күрт нашарлады. Дәрігерлер өңірде омикрон штамы ресми тіркелген жоқ дейді. Бірақ ауру көрсеткішінің артуына қарап ел арасында қауіпті дерттің жаңа түрі тарап жатыр деген күдікті жоққа шығармайды. Бүгін 980 адамның ПТР-сараптамасы оң нәтиже көрсетті.  Оның 861-інде вирустың белгілері бар. Коронавирус індеті кейінгі кезде балалар мен жүкті әйелдер арасында көптеп тіркеле бастаған. Соңғы күндері дертке 371 бала шалдықты. Олардың жартысы ауруханада емделіп жатыр. Медицина қызметкерлері мұны ең басында балаларға  екпе жасалмауымен байланыстырады.

Айта кетсек қазір егде жастағы  адамдар мен жас балалар үшін өңірде  Пфайзер вакцинасын салдыруға мүмкіндік бар. Жуырда ревакциналау үшін облыс Спутник лайт екпесінің 6,5 мың дозасын алды. Эпидахуалдың күрт нашарлауына қарамастан аймақта дәрі –дәрмектен тапшылық жоқ. Төсек орын қоры жеткілікті.

Ерғалы Асылбек, облыстық Денсаулық басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

– Өткен аптада 5 мың 375 жағдай тіркелді. Бұл Павлодар облысына антирекордтық көрсеткіш болып табылады. Бүгінде осы төсек орындардың жүктемесі 53 процентті құрап отыр. Осы аурушаңдықтың күрт өсуіне қарамастан стационарлық деңгейде ем қабылдап жатқан адамдардың саны күрт өскенін байқап отырған жоқпыз. Себебі амбулаториялық деңгейде осы жүктемемен ситуациялық орталықтар, мобильді бригадалар яғни науқастарды емдеумен сол медициналық қызметкерлер айналысып жатыр.

Әзірге республика бойынша тек Түркістан облысы ғана «сары аймақта» тұр. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 112 жағдай тіркелді. Өңірдегі инфекциялық стационарларда 279 науқас ем қабылдап жатыр. Түркістанда қайта вакциналау қарқыны жақсы. Мәселен Сарыағаш ауданында екпе алуға міндетті 110 мың тұрғынның барлығы екпенің екі компонентін алып үлгерген. Жуырда облысқа "Спутник лайт" вакцинасының 25 мың дозасы жеткізілді.

Дәулет Тайрахунов, аудандық Орталық ауруханана бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазір халықтың вакцинаға деген көзқарасы оңтайланып келеді. Өйткені вакцина алғандар мен алмаған тұрғындардың арасындағы көрсеткіштерге орай екпе алғандардар көп ауырмайды. Сондықтанда қазір Pfizer вакцинациясы жүкті келіншектерге, 12-17 жастағы балаларға қарқынды салынып жатыр.

Қарағанды облысында да жағдай жақсарып келеді. Мұнда індет жұқтырғандар саны күн сайын азайып барады. Бұған дейін тәулігіне 2 мыңнан астам адам ауыратын болса, бүгін 1866 науқас тіркелген. Дегенмен, өңір  республика бойынша 3-ші орында тұр. Қазір 993 адам ауруханада ем алып жатыр, оның 35-і жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа деп бағалап отыр. Облыс бойынша 6 жүз мыңға жуық адам екпенің екі компонентін алса, 79 мың адам ревакциналаудан өткен.  

Хабар 24 телеарнасы