Қарағанды облысында азық-түлік бағасы арзандады

Жезқазғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы арзандады. Жергілікті билік қаладағы ірі дүкендердің қожайындарымен сауда үстемесін 7 проценттен асырмау туралы келісімге қол қойған. Соның негізінде нан, жұмыртқа, ет пен сүт секілді халық күнделікті тұтынатын тағам бағасы қолжетімді болып отыр. 

Жезқазған қаласындағы ірі дүкендердің барлығында мынадай әлеуметтік бұрыш ашылған. Оған облыстың тұрақтандыру қорынан және отандық тауарөндірушілерден күн сайын төмен бағамен өнімдер жеткізіледі. Мәселен, нан бағасы 73 теңгеден басталса, жұмыртқа 290, картоп 85, макарон өнімдері 232 теңгеден сатылуда.

Мәдина Баһадүрова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Бағасы өте арзан. Мысалы жұмыртқалары арзан. Рожки, вермишельдері арзан.  Жиі келемін осы жерге, біріңғай аламын. Ауылға да жіберемін.

Қазір қалада 20 супермаркет бар. Тұрғындардың дені азық-түлікті осы жерден алады. Сол себепті кәсіпкерлермен арада әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тағамның бағасына 7 проценттен артық үстеме қоспау туралы келісім жасалған.

Нұрлыбек Әбдікәрімова, Жезқазған қаласының тұрығыны:

– Жұмыртқа аламыз. Картоп арзан. Сүт, бүкіл өнім арзан ғой енді. Басқа магазиндерден 20,50, тіпті 100 теңгеге дейін арзан ғой. Қолжетімді бағада. 

Бұдан бөлек, мысты шаһарда 200-ге тарта ауладағы дүкен бар. Бағаны негізсіз өсіріп отырған да осылар, - дейді мамандар.

Данияр Арынғазин, Жезқазған қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Өкінішке қарай кейбір біздің кәсіпкерлеріміз бар. Ауланың ішіндегі дүкендер бар. Олар әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз үстемақы қосуда. Оларға біз күнделікті мониторинг жасаудамыз. Әкімшілік қызметкерлері, қала белсенділері тарапынан, сосын депутаттық корпуспен бірігіп тексереміз.

Азық-түліктің қымбаттамауы жанар-жағар майдың бағасына да тікелей байланысты. Бұл ретте құзіретті мекемелер бекіткен баға сақталуда. Қазір қаладағы 13 жанар-жағар май бекетінде сұйытылған газ 75, ал бензин 182 теңгеден сатылуда.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев