Қаладағы қоқыс жәшіктері жасыл шыршадан көрінбей қалды

«Шырша – жаңа жылдың символы». Мереке қарсаңында оның саудасы қызады. Дегенмен мейрам аяқталған соң, тұрғындар оны көп жағдайда лақтырып тастайды. Петропавлда қазір қоқыс жәшіктерінің маңында осындай картинаны көруге болады. Коммуналдық қызмет те оларды сыртқа шығаруға асығар емес. Неге? Самат Қайырденұлы анықтап көрді.

Жаңа жыл мерекесі өтіп, жасыл шыршаның қызығы таусылды. Қазір қалалықтардың көбі оны қоқысқа лақтырып тастаған. Салдарынан көпқабатты үйлердің маңында қылқанжапырақтылар төбе-төбе болып үйіліп жатыр.

«Жылда келетін мереке үшін өсіп тұрған шыршаны кесу – әбестік»,- дейді табиғат жанашыры Артур Рязапов. Жасыл желек экологияны жақсартады. Сондықтан азамат олардың кесілуіне түбегейлі қарсы.

Артур Рязапов, ботаникалық бақтың директоры:

– Европа елдерінде мұндай ағаштарды арнайы ыдыста өсіреді. Кейін мереке кезінде жалға береді. Жаңа жылды атап өткеннен кейін ол қайтадан тәлімбаққа қайтарылады. Яғни, шырша жөнсіз оталмайды. Бізде осындай үрдіске көшуіміз қажет. Не болмаса, қайта өңдеуге жібергеніміз абзал. Ол үшін арнайы шағын цехтар ашылса дейміз.

Мәселені білу мақсатында қаланы қоқыстан тазартатын кәсіпорынға хабарластық. Айтуынша, ағаштарды сыртқа шығару үшін тұрғындар қосымша қаражат төлеулері тиіс.

Мұрат Есмұханов, серіктестік директоры:

– Ағаш қатты тұрмыстық қалдыққа жатпайды. Сондықтан біз оларды полигонға шығармаймыз. Ал маңайды тазалау үшін пәтер иесі кооперативінің төрағасы бізге хабарласуы тиіс. Жақында осындай алғашқы өтініш түсті. Нәтижесінде біз оларды жинап, арнайы өндірістік аймаққа апардық. Олар мұны отын ретінде пайдаланады. 

Жаңа жыл алдында саудасы қызатын бұл шыршалар шахарға көбіне Ресейден әкелінеді. Жылына 15-20 сантиметр өсетін орман сұлуының бағасы екі мыңнан бес мың теңге аралығында. Сондықтан табиғат жанашырлары қаржыны бір күндік мерекеге емес, көп жылдық берекеге жұмсауға кеңес береді.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев