Қазақстанда татарстандық компаниялардың қатысуымен 3 зауыт салынып жатыр 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Татарстан Президенті Рустам Миннихановты қабылдады. Тараптар сауда-экономикалық, өнеркәсіп және технология саларындағы серіктестікті нығайту жайын талқылады.

Айта кетейік, бұл салалардағы Қазақстанмен ынтымақтастық деңгейі бойынша Татарстан Ресей Федерациясы субъектілерінің ішінде көш бастап тұр. Былтыр 11 айда қос тарап арасындағы тауар айналымы 423 миллион долларға жеткен.

Қазір Татарстан кәсіпорындарының қатысуымен елде құны 1,8 миллиард доллар болатын жобалар жүзеге асып жатыр. Осы тұста Қасым Жомарт Тоқаев Татарстан инвесторларына қажетті жағдайдың бәрін жасайтынына назар аударды. Сондай-ақ елде жүргізіліп жатқан ауқымды экономикалық реформалар мен нақты даму бағдарламалары туралы айтты.

Өз кезегінде Татарстан президенті қазақстандық  серіктестермен ықпалдастықты нығайту жөніндегі бірқатар инвестициялық жобалар мен татар бизнесі жоспарының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді.

Татарстан Қазақстанмен экономикалық, өнеркәсіптік және технологиялық ынтымақтастықты нығайту деңгейі бойынша Ресей Федерациясы субъектілерінің ішінде көш бастап келеді.

2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 423 миллион долларға жеткен.