456,05 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Зардап шеккен алматылық кәсіпкерлердің шығыны ақпан айының ортасында өтеле бастайды

  • 116
  • UPD: 23:54, 24.01.2022

Бүліктен зардап шеккен алматылық кәсіпкерлердің шығыны ақпан айының ортасында өтеле бастайды. Бұл жөнінде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсінов айтты.

Бүгін қаладағы орталық әмбебап дүкеніндегі кәсіпкерлермен кездескен уәкіл шығынды өтеудің тетіктерін түсіндірді. Содан соң қалалық кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік мекеме басшыларымен кездесу өткізді.

Алматы қалалық кәсіпкерлік палатасының есебінше бизнеске келтірілген материалдық шығын көлемі 72 млрд теңгеге жетеді. Сондықтан шығынды толық өтеу мерзімі ұзаққа созылуы ықтимал.

Сергей Иванов, сауда үйінің директоры:

– Біздің сауда үйімізге келтірілген зиянның қаржылық көлемі 1 млрд теңгеге жуық. Бірақ әлі де зардаптың салдарын есептеп, тиісті құжаттарды жинап жатырмыз. Бұл жұмыс «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп атқарылуда.

Бұл сауда орталығында 500-ге жуық саудегерлер жұмыс істейді. Қазір дүние-мүлкі тоналып, зардап шеккендері мемлекеттен өтемақы алу үшін арыз жазып, тиісті құжаттарын рәсімдеп жатыр. Алайда көбісі қиындыққа тап болып жатырмыз деп шағымданады.

Владимир Бурда, саудагер:

– 10 млн теңгеге шығынданып отырмын. Өтемақы алғым келеді. Чек-түбіртектерін жинап қойдым. Ал тауардың ерекшеліктері, бағасы, салық төлемдері жасалғанын растайтын мәлімет жазылған құжатар көбісінде ұрланып кетті.

Қазір ең бастысы өтемақы мерзімін жеделдетуіміз керек. Бұл істе құжаттардың дұрыс рәсімдеуін қатаң қадағалап, бюрократиялық кедергілерге жол бермеу қажет»,-дейді мамандар. Ал шығынға ұшыраған саудагердің ұрланған не бүлінген затының көлемі мен құны бірнеше жолмен есептеледі екен.

Айдар Сәрсенов, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Мына жерде енді құжаттар қалмаған дейді. Оны енді аудиторлық ревизия арқылы орташа мөлшерін санап, есептеуге болады. Ондай мүмкіндіктер бар. Оның барлығы жеке түрде қаралады. Кәсіпкер өзі арыз бергеннен кейін инфа Қазақстан сайтына ол құжаттарының бәрін жинайды. Мысалы үшін мемлекеттік кіріс органдарынан өткен жылдағы жылдық айналымы туралы ақпарат беріледі. Арнайы комиссиясының формасымен есптеліп, шығынның орташа мөлшері төленетін болады.

Әзірге, бұл сауда орталығындағы 300-ден астам кәсіпкердің тек 57-сі ғана өтемақы алуға арыз жазыпты. Ал Үкіметтік комиссиямен белгіленген тәртіп бойынша арыз 5 күн ішінде тиісті құжаттармен бірге қаралуы керек. Содан кейін оны әкімдікте құрылған аумақтық комиссия қарайды. «Тиісті шешім қабылданған соң ғана өтемақы 1 айдың көлемінде төленеді»,-дейді кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

А. Садуақас, Н. Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы