Қызылордада бүлік кесірінен көлігінен айырылғандар үкіметтен көмек сұрады

Кешегі дүрбелеңде Қызылорда қаласында бүлікшілер 50-ден астам көлікке от қойған. Оның ішінде мемлекет мүлкінен бөлек жеке адамдардың да дүниесі бар.

Енді көлік иелері түкке жарамай қалған техникасының шығынын кімнен дауларын білмей дал. Қаңырап, қаңқасы ғана қалған көлігін суретке түсіріп, құжаттарын әр мекемеге апарғанмен нәтиже жоқ.

Қала тұрғыны Мақпал Мизамбаеваның осыдан екі ай бұрын ғана алған көлігін бүлікшілер тонап, кейін тіпті өртеп жіберген. Жарамсыз металл қаңқаның артында несиесі қалды. Мектепте істейтін Мақпал ай сайын 45 мың теңгеден әлі 5 жыл төлеуі керек.

Мақпал Мизамбаева, қала тұрғыны:

- Сақтандыру компаниясына қоңырау шалдым, бірақ хабарласа алмадым. Келісім-шартты қарап шықтым, өртелген кезде төленеді деген пункт жоқ. Әкімдікке барған жоқпын, полицияға арыз жаздым.

Әкімдік, құқық қорғау органдары мен сақтандыру ұйымдары да «бұл мәселені шешу заң шеңберінде құзырымызға кірмейді» дейді. Сақтандыру мекемесінің өкілдері тұтынушымен арадағы қарапайым шарт негізінде көлік шығыны өтелмейтінін айтады.

Димаш Зиядин, сақтандыру компаниясының өкілі:

- Барлығы келісім құжаттағы шартта көрсетілген пункттерге байланысты. Егер КАСКО сақтандыру қағазында тәртіпсіздік салдарынан бүліну деген ескертпе енгізілсе, көлік құны төленеді. Ал тек жалпылама келісім-шарт жасалса, шығын өтелмейді.

Жалпы осы тектес мәселемен полицияға 26 тұрғыннан арыз түскен. Соның ішінде басым бөлігінің көлігі толық өртеніп кетсе, жетеуіне зақым келген. Қазіргі таңда шығын көлемі анықталып жатыр.

Нұрсұлтан Әлтай, ОПД тергеу басқармасының бастығы:

- Қазіргі таңда олардың әрқайсысы бойынша бөлек-бөлек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркеліп, тексеру жұмыстары жүргізілуде. ҚР ҚК 202-бабымен, яғни бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру баптары бойынша қылмыстық іс тергелуде.

Мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандар мен мүліктерді қалпына келтіру үшін Үкіметтен қаржы бөлініп жатыр. Ал бүлікшілердің кесірінен зардап шеккен жеке азаматтардың шығынын өтеу мәселесі әлі ашық күйінде қалып отыр.

Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев