Қостанай облысында биыл 40 адам интернеттегі алаяқтарға алданды

Қостанайда жыл басталмай жатып 40 адам киберқылмыстан зардап шекті. Айлығы шайлығына жетпей отырған қарапайым тұрғындардың аузынан жырып алған қаражат көлемі сегіз миллион теңгеге жуық.

Ел де қызық әйтеуір. Интернеттен арзан дүние болмаса алдамшы жылтырақ көрсе жармаса кетеді. Алаяқтардың да аңдығаны осы. 

Танымал сайттардың бірі тұрғындарға ақшаны тиімді бизнес ашуға жұмсауға үгіттеген. Шарттары қарапайым. Хабарландырудағы сілтеме арқылы тіркеліп, мұнай мен газдың акционері атануға болатыны көрсетілген. Жалған жарнаманың ілмегіне іліккендер кейін опық жеген. 

Нина Ахмадеева, ПД Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкері: 

- Бір келіншек 64 мың теңге аударып, жарнамадағы сілтеме арқылы тіркелген. Содан бизнес ашу мақсатында екі миллион теңге несие рәсімдеген. Айтуынша, осы операцияларды банк менеджерінің нұсқауымен жасаған. Ал қаражат түскенде байланыс күрт үзілген. Жәбірленуші әйел амалсыздан полицияға хабарласқан.

Банктің «қауіпсіздік қызметінен» қоңырау шалып, шоттағы ақшаны сыпырып алу әрекеттері де тыйылмай келеді.

Нина Ахмадеева, ПД Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкері:

- Осы әдіспен қомақты қаржыға кенеліп жатқандар көп. Алаяқтарға 7 облыс тұрғыны алданып қалды. Олар белгісіз біреулердің шотына 5 млн теңге аударған.

Біздің кейіпкер де алаяқтардың майдай тіліне еріп, шоттағы ақшасынан қалай айырылғанын білмей қалған. Өз аты-жөнін жариялаудан және бет-бейнесін көрсетуге келіспесе де басқаларды өз қателігін қайталамауға үндейді.

Интернет алаяқтың құрбаны:

- Маған «банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрмыз» деген қоңырау түсті. Бейтаныс дауыс шотта күдікті әрекеттер жүргізіліп жатыр деп хабарлады. Сондықтан егер сіз ақшаңызды сақтап қалғыңыз келсе, онда оны қосалқы шотқа аудару қажет деді. Әрине мен сасқалақтап сол нұсқауды орындадым. Сөйтіп, бар ақшамнан айырылып қалдым.

Жыл басынан бері облыста интернет-алаяқтыққа қатысты 40 қылмыстық іс қозғалған. Сұмдарды жауапқа тарту қиынға соғатынын айтады полицейлер. Олар қылмысты қазақстандық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жасамайды. Ресейлік немесе шетелдік банктер арқылы құйтырқы амалдарға барады. Ал бұның бәрі халықаралық деңгейде қосымша сұранымдарды, ұзақ уақытты қажет етеді. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров