Ертіс өзенінің бойында елік көбейген

Ертіс өңірі аң-құсқа қамқор. Қазір аймақта сібір елігі, ақбөкендер мен өзге де ашатұяқтылар көбейген. Сол себепті қыстың көзі қырауда оларды қорғау шаралары да күшейтіледі. Орманшылар еліктерді қоректендіруді де қолға алған.

Қанат Бағжанов Ертіс жайылымындағы осындай 11 учаскеге жауапты. Биыл шөп молынан шықты. Десе де, аяз күшейіп, қар қатайған кезде қостұяқтыларға қорек жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан осындай орындар жасақталған.

Қанат Бағжанов, орманшы-инспектор:

- Алғашқы аяздар түсті. Сібір еліктеріне азық жетпей қалуы мүмкін. Нәзік жануарлар ғой. Оларға арналған азықты тамыз айында дайындап қойдық. Құнарлы жем-шөп, тұзды күнара саламыз. Мақсатым аңдардың аман-есен қыстап шығуын қамтамасыз ету.

Облыс аумағында осындай алты орман шаруашылығы бар. Қала маңына жақын бұл жерде 50-ден астам елік тіршілік етеді. Мамандардың айтуынша, азық жетпей қалса, жануарлар қорек іздеп қала ішіне кіріп кетеді. Ал бұл аса қауіпті. Бұған жол бермеу үшін тұяқтыларды барынша қамқорлыққа алған абзал.

Жанат Темірғалин, Павлодар орманшылығының жетекшісі:

- Орманшылар осы аумақты күнбе-күн аралап, күнделік толтырады. Осылайша бақылау жүргіземіз. Соңғы уақытта жабайы аңдардың саны ұлғаюда. Мәселен, сібір еліктерінің саны ондап емес, жүздеп саналады. Тұяқтылар бір орманшылықтан екіншісіне көшіп қонуы мүмкін. Осы үрдіс те бақылауымызда. Биыл азықты молынан әзірледік.

Бүгінгі таңда орманшылықтарда еліктерінің саны 500-ден асқан. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта, яғни қысқы аңшылық науқанында аңдарды қорғау шараларын күшейту керек. Әзірге аңдарды атудың бірде бір дерегі тіркелген жоқ. Басты мақсат орман аумақтарына адамдардың кіруіне жол бермеу.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков