С.Путра: Блэкаутқа майнерлердің қатысы жоқ

Электр желілерінің істен шығуына майнерлер кінәлі емес. Блокчейн және дата орталық индустриясының үйлестірушісі Сергей Путраның айтуынша, қазір елде майнерлердің жұмысы толық тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айдың соңына дейін олар қызметіне кіріспейді. Сарапшы қалыптасқан ахуалды электр стансалардың ескіруімен байланыстырады. 

Сергей Путра, блокчейн және дата-орталық индустриясы қауымдастығының аға үйлестірушісі:

– Майнерлердің электр желілеріне түсіретін жүктемесі әрдайым бірдей. Ол көрсеткіш өзгермейді. Бүгінгі ахуалдың майнерлерге еш қатысы жоқ. «Кегок» компаниясының бізге жіберген хабарламасына сәйкес осы айдың соңына дейін біз жұмыссыз отырамыз. Меніңше, бұл мәселе энергоблоктардағы ақаумен байланысты болуы мүмкін. Әрине, біздегі электр стансаларының тең жартысы 30 жыл бұрын салынған. Оларды жөндеп шығу қиынға соғады.

KEGOC компаниясы өкілдері «Солтүстік-Оңтүстік» транзиті түскен жүктемеге шыдамай істен шыққанын айтады. Салдарынан еліміздің оңтүстік аймағы мен көршілес мемлекеттер электр энергиясыз қалды. Қазір ұлттық электр желілерінің жұмысы қалыпқа келтіріліп жатыр.

Бекжан Мұқатов «KEGOC» АҚ жүйелік қызметтер мен даму жөніндегі атқарушы директоры:

– Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 11.59-да «Солтүстікңтүстік» транзиті істен шықты. Ол Өзбекстан мен Қырғызстанның энергожүйелеріне де кері әсерін тигізді. Алматыдағы электр стансаларымыздың арқасында 700 мегават энергиясы арқылы қала мен облыс тұрғындарын жарықпен қамтамасыз еттік. Жамбыл, Қызылорда және Түркістан өңірлерінде де қосымша мегаваттар бар.