Оңтүстік өңірлерде жаппай жарық сөнуіне не себеп

Бүгін еліміздің оңтүстік өңірлерінде жаппай жарық сөнді. Күндіз «Солтүстік-Оңтүстік» транзиті түскен жүктемеге шыдамай істен шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан елдің оңтүстік аймағы мен көрші мемлекеттер де электр қуатынсыз қалды. Қазір ұлттық электр желілерінің жұмысы қалыпқа келтіріліп жатыр. Бүгін сағат 12 шамасында Алматының бірқатар бөлігінде жарық өшіп қалды. Қаланың жылу энерго кешені компанияларының ресми өкілі Ян Гириннің хабарлауынша, абоненттердің 70 процентке жуығы электр энергиясынсыз қалған. Соның кесірінен қала көшелерінде бағдаршамдар жұмыс істемей, жолдарда кептеліс пайда болды. Троллейбустар да тоқтап қалды. Кей тұрғындар үйлерінде ыстық және суық су тоқтап қалғанын хабарлады. Ал метро мен ауруханалар қалыпты жағдайда жұмыс істеген. Өйткені олар автономды генераторлармен жабдықталған. Қала әкімдігінің хабарлауынша, жарық KEGOC желісінің бойында сөнген. Себебі ондағы кернеу төмендеп кеткен. Сондықтан «Алатау Жарық» компаниясы қосалқы станциялардағы автоматты басқару жүйесін іске қосты. Ал сағат 16:10-да жүйелік оператор тұтынушыларды толығымен электр жүйесіне қосу жұмысын аяқтады.

Бақытхан Жазықбаев «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Өзбекстанның Сырдария газ электр станциясында болған авариялық жағдайдан кейін бірден 4 блогы жұмыстан шықты. Осыған байланысты Қазақстанның энерго жүйесінде 1000 МВт-қа авариялық жүктеме болды. Соның салдарынан Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысында 2000 МВт-қа дейін электр энергиясының өшуіне әкеліп соқты. Сағат 16:10-да жүйелік оператор тұтынушыларды толығымен электр жүйесіне қосу жұмыстарын аяқтады.

Түркістан облысында Мақтаарал мен Жетісай аудандарынан басқа барлық аудан-қалаларға жарық берілді. Облыстық энергетика басқармасы мамандарының айтуынша, аталған қос аудан электр энергиясын көрші Өзбекстан республикасынан алады. Сондықтан қазір бұл аудандарға да жарық беру бойынша жұмыстар жүргізуде. Айта кетейік, бүгін түске таяу «КЕГОК» АҚ-ның электр желілерінде технологиялық ақаулар болып, Түркістан облысындағы барлық аудандар жарықсыз қалған болатын. Соның салдарынан 410 мыңнан аса жеке және 20 мыңға жуық заңды тұлғалар электр қуатынсыз қалды. 

Роза Сариева, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

– «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС осы Мақтаарал, Жетісай аудандарын электр жарығына қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Электр жарығы берілу күтілуде.

Шымкент шаһарына да жарық беріле бастады. Күндіз бүкіл қала аумағында электр қуаты үзілген еді. Көше бағдаршамдары істен шығып, ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болған. Ал тұрғындар интернет желісін де пайдалана алмай қалды. Әкімшілік аталған жағдайға байланысты түсініктеме берген жоқ. Тек қаланы электр қуатымен қамтамасыз ететін, KEGOC компаниясы желісінде апат болғанын жеткізді.

Авторы: Дариға Ташенова