Еліміздің батыс өңірлерін дамытуға 15 трлн теңге қаржы бөлінеді

Үкімет отырысында Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының әлеуетін арттыру мәселесі қарастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қойнауы құтқа толы болғанымен, қазынасын әлі де қампайта алмай жүрген өлкелердің енді өрісі кеңейеді. Үкімет басшысы осы төрт өңірді түлетуге күш саламыз деп отыр. «Түгін тартсаң – май шығады». Батысқа барғандардың ауыз толтырып айтатын сөзі осы. Қойнауы қара алтынға толы аймақтың адымын алшаң басар күні қашан туар екен деп сәуегей біткенді жағалап кеткендері бар. Енді, міне, бал ашып, құмалақ тартудың да қажеті болмай қалды.

Үкіметтегілер төрт өңірді түлетеміз деп жең түріп отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

– Кешенді жоспарлар экономиканың жекелеген салаларын дамытуға емес, сондай-ақ сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы жаңа жұмыс орындарын құру сияқты маңызды мәселелерді шешуге бағытталады. Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражаттарды тартуға басымдық беріліп отыр. Бұл өте құптарлық жайт екенін атап өткім келеді.

Алдымен Ақтөбенің ажарын аша түспек. Сонда не істейді дейсіз ғой? Өндірісті өрістетеді. Тау-кен байыту кешенін салады. Цемент өндіретін зауытты іске қосады. Тіпті шетелдік инвесторларды тартып, индустриалды аймақ құрады.

Ондағы кәсіпорындар өнімдерін экспортқа шығарады. Жоспар сұмдық енді. Соны кәдеге жаратса қәнекей?!

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

–18 ауылда денсаулық сақтау нысандары салынады. 224 мектеп жаңғыртылып, оңалту орталығы салынады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында колледж студенттері үшін екі жатақхана салу жоспарлануда.   

Оралың да олжалы болғалы тұр. Мұнда тақтайдай тегіс жолдар төселеді. Әуежай салынады. Студенттерге арналған жатақхана бой көтереді. Жайықтың жағасын бекітеді. Балығы тайдай тулаған асау өзенді қайта қалпына келтіруге күш салады.

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Батыс Қазақстан облысының кешенді жоспарын іске асыру нәтижесінде, 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 55%-ға және ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 56%-ға өседі, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу деңгейі 100%-ға жетеді, ал электр желілерінің тозуы 80%-дан 50%-ға дейін азаяды.

Арқада отырғандар Атырау жайын да сөз етті. Мұнайлы өлкенің өрісін кеңейтуге мүдделі. Ауылдарға баса назар аудармақ. Ауыз сумен қамтиды. Газ тартады. Жолдарын жөндейді. Мектеп салып, аурухана тұрғызады. Қол қусырып отырғандар болмауы керек. Үкімет басшысы бұқараны жұмыспен қамтуға жіті мән беріңдер деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

– Ең бастысы – өңір халқы оң өзгерістерді барынша сезінулері тиіс. Болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өздерінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы тиіс. Халықтың тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет.

Маңғаз деп келген Маңғыстауға да мойын бұрды. Мұнда мұнай-химия кешені салынатын болды. Туризмді түлеткелі жатыр. Ақтауды  Анталияға айналдырамыз деп жүргендердің арманы енді орындалады дегенге сенгің келеді. Тіпті 4 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. 

Нұрәділ Иманғалиев, облыстық инвестиция және туризмді дамыту басқармасының орынбасары:

– 90% жеке инвестиция есебінен. Туристік орындар, новигациялық белгілермен қалыптастыру, жарнама, ютуб арқылы имиджік өткізу үшін рекламалық іс-шаралар өтеді. Жалпы жаңа жұмыс орындары ашылады. Ақтау – өте заманауи курорттық аймаққа айналуы тиіс. Сумен жабдықтау, электр, газбен жабдықтау жүргізілуде. Жылы жағажай аймағында гольф-клуб, сауда қатарлары, вилла-апартаменттер іске асырылады.

Өңірлерді дамытудың кешенді жоспары әзірленген. Ойға алғанның барлығын 2025 жылға дейін орындалмақ. Ол үшін 15 трлн теңгеден аса қаржы бөлінеді. Үкімет басшысы қаражаттың денін инвесторлар береді деп сендірді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы