Өзбекстанда апат себебін үкіметтік комиссия анықтайды. LIVE

Өзбекстанда электр қуатының жаппай өшірілу себебін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл апатқа Өзбекстан жағы да жауапты болуы мүмкін дейді елдің энергетика министрлігі. Қазір осы елдегі меншікті тілшіміз Рауан Мыңбаев телефонмен тікелей байланысқа шықты.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Электр желілеріндегі кенеттен болған ақау барлық сала жұмысына әсер етті. Ең алдымен көшеде кептеліс көбейді. Бірде-бір бағдаршам жұмыс істемеді. Көлік иелері қайда бағыт аларын білмеді. Жолдағы қауіпсіздік бір сәтке бақылаусыз қалды.

Ташкенттің кей көпқабатты үйлерінде электр энергиясының жоқтығынан кәріз және жылу жүйелері жұмыс істемей тұр. Кей аудандар ауыз сусыз қалған. Интернет, ұялы байланыс қызметі де шектелді. Метро күндізгі сағат 11-ден бері тоқтап тұр. Апат салдарынан Әмірсай тау-шаңғы кешенінде төтенше жағдай туындап, электр тоғымен жүретін арқан жолда 80-ге тарта демалушы қалды. Абырой болғанда барлығы дін-аман. Құтқарушылар дер кезінде көмекке келді.

Елдің энергетика министрлігі жағдайдың кезең-кезеңімен реттеліп жатқанын жеткізді. Әзірге Ташкент және Сырдария жылу электр орталықтары іске қосылған жоқ. Қалғандары қалпына келе бастады. Президенттің пәрменімен үкіметтік комиссия құрылып, оған премьер-министр жетекші ретінде тағайындалды. Енді апаттың себебін арнайы жұмыс тобы анықтайды. Құзырлы ведомство Ташкент, Самарқанд, Науаи, Үргеніш, Наманган сынды қалаларда жарықтың жаппай өшірілуін алғашында Қазақстандағы ақаумен байланыстырған болатын. Кейін бұл мәлімдеме өзгертілді. Апаттың ел ішінде болуы мүмкін екені алға тартылды.

Ташкент көшелерінде тіршілік қайта жандана бастады. Жол бойындағы тәртіпті әзірге полицейлер қадағалап тұр. Мекемелер кептелісті болдырмау үшін қызметкерлерін үйлеріне ерте қайтарып жатыр.