Елде карантиндік шектеулер жеңілдетіле бастады

Симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі қысқартылды. Алайда короновирустың таралу қаупі бәсеңдемей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-Министр елдегі шектеулер бизнеске кері әсерін тигізіп жатқанын айтып, ведомствоаралық комиссияға бірқатар тапсырма берді.

 «Көк» мәртебесі барларға енді ешқандай шектеу болмайды. Бұдан былай бұл статустағылар кез келген жерге емін-еркін кіре алады. Сондай-ақ еліміздегі бизнес саласында да карантиндік шаралар айтарлықтай жеңілдетіледі. Себебі әлемді пандемия жайлағалы оның салқыны біздегі бизнеске де тиіп, біраз жұмыс тұралағаны белгілі. Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осы мәселеге тоқталып, жауаптыларға арнайы шаралар әзірлеуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

– Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия «Атамекен» палатасымен бірге Мемлекет басшысының бизнеске арналған карантиндік шектеулерді қайта қарау жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, тиісті шараларды әзірлеуі керектігін атап өтті. Бизнестің жұмысына бөгет жасамай, туындаған проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек.

Сондай-ақ сиптомсыз және науқаспен жақын байланыста болғандар үшін карантин мерзімі қысқартылды. Яғни ашықтағы мәртебе бұрынғыдай 14 күн емес, 10 күнде өзгереді. Онда да 7 күннен кейін тапсырған ПТР-зерттеу нәтижесі теріс болса, карантин сол күні аяқталады.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Бұл ретте 7 тәуліктен кейін ПТР-зерттеудің теріс нәтижесі болған кезде карантин аяқталады. Егер қандай да бір себептермен 7 тәулікке арналған ПТР-тест тапсырылмаса, онда карантин тестті қосымша тапсырусыз оныншы күні аяқталады. Бұл өлшем шарттар бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің шектеу шаралары жөніндегі және жұмыс ережелері мен «Ашықтағы» мәртебенің өзгеруін айқындайтын қаулыларында көрініс тапты.

Карантиндік шектеулер жеңілдегенімен, короновирстың таралу қарқыны бәсеңдеген жоқ. Сондықтан арқаны кеңге салуға әлі ерте. Мамандар қарапайым сақтық шараларын естен шығармау қажеттігін айтады. Себебі омикрон штамы анықталғалы елдегі эпидахуал күрт нашарлады. Тіпті қаңтардың ортасында бір тәулікте 16 мыңнан астам адам ауру жұқтырған. Мамандар пандемия басталғалы мұндай рекордтық көрсеткіштің болмағанын айтады. Ал бүгінде еліміз бойынша Түркістан облысы ғана «сары», қалған өңірлердің барлығы «қызыл» аймақта. Инфекциялық ауруханалардың төсегіне таңылғандар қатары азаймай тұр. Бір қуантарлығы, коронавирустан болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. Ал ревакциналау жалғасып жатыр. Мамандар індет ақпан айының ортасында шарықтау шегіне жетеді деп болжап отыр.

Авторы: Айнұр Қуатқызы